Жарияланған күні: 04.07.2025
СҚО-ға келген депутаттар құрылыс және кадрларды даярлау жұмыстарымен танысты
Петропавлға жасаған жұмыс сапары барысында Сенат пен Мәжіліс депутаттары мектепке дейінгі білім беру, тұрғын үй салу, абаттандыру және кадрлар дайындау мәселелеріне ерекше назар аударды.

Алдымен депутаттар 280 орынға арналған жаңа балабақша құрылысының барысымен танысты. Аталған жоба бюджетке қайтарылған қаражат есебінен жүзеге асырылуда. Депутаттардың пікірінше, бұл – қаражатты тиімді әрі мақсатты пайдаланудың айқын үлгісі. Заманауи стандартқа сай салынып жатқан бұл балабақша «Жас өркен» шағын ауданындағы орын тапшылығын азайтуға септігін тигізбек.
Сапар аясында депутаттар осы шағын ауданда бой көтеріп жатқан 144 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс алаңында болды. Жоба шеңберінде сыртқы инженерлік желілер тартылып, Парк, Крылов және Әуезов көшелерімен шектесетін аумақты абаттандыру көзделген.
Депутаттар көктемде су тасқынынан қатты зардап шеккен Ойқала шағын ауданына да арнайы барды. Қазіргі таңда бұл аумақта саябақтар мен демалыс аймақтары бой көтеріп жатыр.
⠀
Сапар барысында депутаттар үшін негізгі тақырыптардың бірі – кадр даярлау мәселесі болды. Олар М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде профессор-оқытушылар құрамымен және студенттермен кездесті. Coworking-орталықта өткен кездесуде жастарды өңірде тұрақтандыру, заманауи білім беру бағдарламаларын енгізу және мамандар дайындау сапасын арттыру мәселелері талқыланды.
⠀