Жарияланған күні: 09.07.2025
Парламент депутаттары Айыртау ауданына барды
Айыртау ауданында Сенат пен Мәжіліс депутаттары әлеуметтік маңызы бар жобалардың жүзеге асырылуына мониторинг жүргізуді жалғастырды. Сапар барысында инфрақұрылым, экология және өндірісті дамыту мәселелері басты назарда болды.

⠀
Бірінші болып депутаттар спорттық стадионның құрылысымен танысты. Нысан басында Ольга Перепечина, Әсем Рахметова, Еркебұлан Мәмбетов және Дмитрий Колода құрылыс барысын бақылап, мердігерлермен сөйлесті және жобаның орындалу мерзімдерін талқылады. Қазіргі заманға сай спорттық инфрақұрылым – салауатты және белсенді ұрпақты қалыптастырудың маңызды бөлігі екенін атап өтті. Депутаттар нысанды тек салып қана қоймай, оны тиісті деңгейде пайдалану мен мазмұндық тұрғыда толықтырудың да маңызын атап көрсетті.
⠀
Кейін халық қалаулылары құрылысы жүріп жатқан қымыз ұнтағын өндіретін фермаға барды. Бұл – өңір үшін ерекше әрі болашағы зор жобалардың бірі. Ол агробизнесті дамыту, экспорттық әлеуетті арттыру және ауыл халқын жұмыспен қамту міндеттерін ұштастырады. Кәсіпорын өкілдері өндірісті іске қосу жоспарлары, қолданылатын технологиялар және күтілетін көлемдер туралы баяндады. Депутаттардың пікірінше, осындай бірегей бастамалар өңірді жаңа аграрлық күн тәртібі аясында алдыңғы қатарға шығаруға мүмкіндік береді.
⠀
Маңызды нысандардың бірі – партияның Сайлауалды бағдарламасының Жол картасы аясында салынып жатқан канализациялық тазарту құрылыстары болды. Бұл жоба экологиялық қауіпсіздік пен ауылдық елді мекендерді тұрақты сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Депутаттар мұндай жүйелер елді мекендердің санитарлық жағдайы мен тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететінін айтып, жобаны уақытылы аяқтаудың маңыздылығын атап өтті.
⠀
Күн соңында депутаттар көшетхана жұмысымен танысты. Мұнда отырғызылатын материалдар өсіріліп, орман алқаптары қалпына келтірілуде. Климаттың өзгеруі мен биологиялық әртүрлілікті сақтау қажеттілігі жағдайында мұндай жобалар ерекше өзектілікке ие. Парламентарийлердің айтуынша, экологияға қамқорлық экономикалық даму үдерістерімен қатар жүруі тиіс.