Жарияланған күні: 11.07.2025
Петропавлға кірер жолда «Ботай» ескерткіші бой көтерді
Жақында ғана Петропавл аумағынан кірер жолда ескі монумент алынған болатын. Бүгіндері оның орнын ерекше ескерткіш басты.
Қаланың туған күні қарсаңында петропавлдықтарға тосын сый жасалды. Шаһарға кірер жолда «Ботай» ескерткіші ашылды, Ұлы даланың тарихынан сыр шертер монумент СҚО-ның символы іспеттес.
Айта кету керек, 6 мың жыл бұрын Солтүстік Қазақстан жерінде жылқы алғаш рет қолға үйретілген. Ал Ботай қонысы — әлемдік деңгейдегі маңызды археологиялық жаңалық.
Жаңа монумент — Қазақстан мен бүкіл адамзат тарихындағы Ботай мәдениетінің маңызын бейнелейтін өнер туындысы. Бұл жоба ата-баба мұрасын ұлықтап, туған өлке тарихына қызығушылықты арттыруға бағытталған.