Жарияланған күні: 13.07.2025
Петропавлда жаңа саябақтар қолданысқа берілді
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Ойқала мен Былғары кентінде жаңа скверлерге барды. Бұл қала күніне орай тұрғындарға тамаша сыйлық болды. Петропавл өзгеріп келеді. Ортақ мақсат — әр тұрғын үшін жайлы, заманауи қалалық орта құру.
Аталған скверлер — былтырғы су тасқынынан зардап шеккен аумақтарды ауқымды абаттандыру жұмыстарының бір бөлігі. «Таза Қазақстан» акциясы аясында барлық аудандар мен қала бірлесіп, Ойқала мен Былғары кентінде 74 сквер жасалды. Мұнда кіші архитектуралық формалар, орындықтар, жарықтандыру, серуендеуге арналған аймақтар, балалар мен спорт алаңдары, волейбол және футбол алаңдары орнатылуда.
— Аудан мен қала кәсіпкерлеріне көрсеткен қолдаулары үшін ерекше алғыс айтамыз — бұл қаламыздың дамуы мен көркеюіне қосқан үлкен үлес. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Күзде бос жерлерге ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Ойқалада футзалға арналған екі модульдік спортзал салынатын болады, — деп атап өтті өңір басшысы.