Биыл СҚО жолдарында 16 адам мерт болды
Облыста тіркелетін жол-көлік оқиғаларының 90 пайызы теміртұлпарларды тізгіндеген жүргізушілердің кінәсінен болған. Бұл ақпаратпен СҚО ПД ЖПҚ басқармасы мәлім етті.
Аталмыш басқарманың бастығы Әлібек Ғабдуллиннің айтуынша, жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері – жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс асыруы, қарсы қозғалыс жолағына шығу, маневр жасау ережелерін бұзу, сондай-ақ көлік жүргізу мәдениетінің төмендігі.
– Жыл басынан бері облыс аумағында 242 жол апаты тіркеліп, 16 адам көз жұмды, 330 адам түрлі жарақат алды. Жол-көлік оқиғаларының 89,6% – жүргізуші кінәсінен болды. Салдарынан 15 адам қаза тауып, 293 адам жарақат алған. Жаяу жүргіншілерді қағудың 69 жағдайы тіркелді, 4 адам көз жұмды. Балалардың қатысуымен болған апаттар саны – 56, 2 бала мерт болды. Жол-көлік оқиғаларының 42-сі республикалық маңызы бар жолдарда болып, 11 адамның өмірі қиылды. Ал қалалар мен елді мекендерде 4 адам мерт болған 189 жағдай тіркелді, — дейді Әлібек Ғабдуллин.
«Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Айыртау ауданында мас жүргізуші ұсталды. Ол 15 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Петропавлда ауылдық өнер ұжымдарының қатысуымен гала-концерт өтті