Жарияланған күні: 15.07.2025
СҚО ТЖД-ның жұмысына сын айтылды
Өткен жылдан бері облыста 560 өрт оқиғасы тіркелді. Қызыл жалын 44 адамның жанын құшса, оның 6-уы — кәмелеттік жасқа толмағандар екен.
СҚО прокуратурасында ведомствоаралық кеңестің отырысы өтті. Жиында ТЖД органдарын тексеру жұмыстарының нәтижесі шығарылды.
— СҚО ТЖД мамандары тексерістерді мардымсыз жүргізеді. Бұны өңірде тіркелген өрт оқиғаларының жиі болуынан көруге болады. Егер тексерістер сапалы жүргізілсе, қызыл жалын оқиғалардың саны аз болар еді, —деді СҚО прокурорының бірінші орынбасары Әбу-Әли Саттар.
Жиында СҚО ТЖД-ге аумақтық бақылауды күшейту жөнінде тапсырмалар беріліп, азаматтық қорғау саласындағы заңдылықты сақтау мәселесі қадағалау органының жіті бақылауында болатыны ескертілді.