Петропавлдықтар алдап алаяқ ұсталды
Егде жастағы қарияларды алдап келген алаяқ ұсталды. Күдікті ірі көлемдегі ақшаны жымқырған, шамамен ол зейнеткерлерден 5 млн. теңгеге жуық ақшаны қол етті.
Ақпаратқа сәйкес, 67 жастағы қала тұрғыны полицияға алаяқтық фактісі бойынша арызданған. Зейнеткерге үй телефонына бөтен біреу қоңырау шалып, өзін Ресейде тұратын қызы ретінде таныстырған. Жылаңқы дауыспен жол-көлік оқиғасына ұшырағанын айтып, адвокатқа ақша қажет екенін жеткізген.
Артынан өзін адвокат ретінде таныстырған тағы бір адам зейнеткерге хабарласыпты. Қолда бар ақшаны — екі миллион теңгені — такси жүргізушісі арқылы беруін сұраған. Қарияның сеніміне кіріп, үрейін пайдаланған алаяқ әңгіме барысында телефонды сөндірмей, үйде қалдыруды талап еткен.
Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары такси жүргізушісі арқылы ақшаны алған күдіктіні ұстады. Ол — 24 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны болып шықты. Тексеру барысында күдіктінің тағы бір осындай қылмысқа қатысы бары анықталды. Бұл жолы 88 жастағы зейнеткер үш миллион теңгесінен айырылған.
Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктіге ірі көлемде айыппұл салу немесе 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отыр.