СҚО-ға ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі келді
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Солтүстік Қазақстан облысының бірқатар өндірістік нысандарын аралады. Атап айтқанда, металлопластикалық бұйымдар зауыты, жуғыш заттар кәсіпорны және қағаз өнімдері фабрикасы, сондай-ақ «Qyzyljar» АЭА-ның №3 субаймағында жүзеге асып жатқан инвестжобалармен танысты.
Сапар барысында министрге өңірдегі ең маңызды экологиялық-өнеркәсіптік жобалардың бірі – «Техно-Экопарк» таныстырылды. Бұл жоба тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеп, дайын өнім шығару үшін толық өндірістік цикл құруға бағытталған. Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 54 млрд теңге.
Жобаны іске асыру нәтижесінде 500 жаңа жұмыс орны ашылып, жыл сайын 3 млрд теңгеге дейін салық түсімдері қамтамасыз етіледі. «Qyzyljar» АЭА-ның №3 қосалқы аймағында қағаз және картон өнімдері фабрикасын салуға 9 гектар жер телімі бөлінген. Сонымен қатар, Петропавл мен Бескөл ауылдарындағы екі металлопластикалық зауытты жаңғырту, өнім түрлерін кеңейту жоспарлануда.
— Бұл жоба – өңірдің экологиялық тұрақты болашағына, жасыл технологиялар негізінде қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға жасалған нақты қадам, — деп атап өтті өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.