Петропавл тұрғынына МӘМС аясында күрделі ота жасалды
Жақында 64 жастағы қала тұрғыны көпсалалы облыстық ауруханаға бастың ауруына шағымданған болатын. Науқас дереу назарға алынып, МРТ-дан өтті. Тексеріс кезінде ми ісігі анықталды.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ СҚОФ баспасөз қызметінің хабарлауынша, науқастың жасы 64-те. Бір жыл бойы оның басы ауырған еді. Өкінішке қарай, петропавлдық азамат ауруды қолда бар дәрілермен басуға тырысқан. Алайда соңғы кездері медициналық препараттар нәтиже бере қоймады.
— Шілденің 14-і таңертең тұрып, өз атымды ұмытып кеткенімді байқадым. Туған-туыстарымның да түрі де бейтаныс көрінді. Мұны келіншегім байқады. Ол жедел жәрдемге қоңырау шалды. Осылайша, мен ауруханаға түстім, — деп еске алады Анатолий Черясов.
Науқас соңғы кездері кітаптағы әріптерді танымай, жазу мен оқу дағдылары жойыла бастағанын да байқады. Тіпті, сөйлей алмай, тілі бұратыла бастаған.
Дәрігерлер науқасты назарға алып, МРТ аппаратынан тексерістен өткізді. Осылайша, ми ісігі анықталды. Нейрохирург Балхан Шатуевтің айтуынша, миында көлемі 6,5х5,3х4,5 см болатын ісік бары анықталып, шұғыл түрде операция жасау туралы шешім қабылданды.
— Ота алты сағатқа созылды. Науқастың миынан қатерлі ісікті алып тастадыұ. Мұндай отаның құны 10-15 млн теңгені құрайды. Әрине, сома кез келген тұрғынның қалтасын қағатыны хақ. Осы ретте, біздің елімізде МӘМС жүйесі бар болғаны қуантады. Аталмыш жүйе аясында ота науқас үшін тегін жасалды деуге болады, — дейді Балхар Шатуев.
Қазіргі уақытта науқас МӘМС аясында ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, жағдай түзеліп келеді. Келер апта пациентті ауруханадан шығару жоспарланып отыр.