Петропавлдағы автобустар экологиялық талаптарды бұзып отыр
Солтүстік Қазақстан облысында дизель отынымен жүретін қоғамдық көліктердің түтін шығару нормаларын бұзу деректерін анықтау бойынша полицейлер мен экологтар бірлескен рейдтерін жалғастыруда.
Петропавл қаласындағы қалалық бағыттардың соңғы аялдамаларында арнайы құрылғылардың көмегімен рейдке шыққан топ өкілдері өлшеу жұмыстарын жүргізуде. Қоршаған ортаға зиян келтіретін заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, автобус иелеріне қатысты хаттамалар толтырылады.
Аталған жұмыс 21 шілдеде басталған республикалық “Тасымалдаушы” жедел алдын алу іс-шарасы аясында жүргізіліп жатыр. Іс-шара жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін арттыруға, жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін күшейтуге және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.
Бір күн ішінде экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін автобустарды маршрутқа шығарғаны үшін екі жауапты тұлға жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар жол қозғалысы ережелерінің сақталуына да ерекше назар аударылып отыр.