СҚО-да газ баллоны жарылды, жарақат алғандар бар
Ғ.Мүсірепов ауданында газ баллоны жарылды. Өкінішке қарай, салдарынан екі адам жарақат алды. СҚО ТДЖ ақпаратына сай, оқиға шілденің 21-і күні орын алды.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, шілденің 21-і күні сағат 22:30 шамасында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға қарасты Дружба ауылында тіркелді.
— Жарылыс салдарынан үй иесі, 1980 жылы туған әйел зардап шекті. Оның денесінің 50 пайызын күйік шалды, — деп хабарлайды СҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Беті, кеуде тұсы, іші, қол-аяқтары күйген. Қазір науқас хирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Тағы бір зардап шеккен — 1988 жылғы туысы. Ол қолы мен бетінен 1-дәрежелі күйік алып, алғашқы медициналық көмектен кейін үйіне жіберілді. Оның да жағдайы тұрақты. Мамандар оқиғаға өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы себеп болғанын айтады.

