Петропавл тұрғыны 7 жылға сотталды
Петропавл қаласының тұрғыны синтетикалық есірткі сатқаны бас бостандығынан айырылды. Сот үкімімет қылмыскер түрмеге 7 жылға қамалды.

Облыстық соттың ақпаратына сәйкес, оңай табыс көрмек болған жігіт есірткі сататын онлайн дүкендердің біріне ораушы болып жұмысқа орналасты. Петропавл қаласының 32 жастағы тұрғыны кураторынан нұсқау алып, ірі көлемде жеткізілген есірткіні шағын зип-пакеттерге бөлген. Кейін оларды тапсырыс бергендерге жасырын орындар арқылы таратумен айналысқан.
Ақпан айында ол Петропавл қаласының шетінде қолға түсті. Тінту кезінде оның жалдамалы пәтерінен 200 грамнан астам мефедрон мен α-PvP есірткі заттары табылды. Сонымен қатар тергеу барысында анықталған жасырын қоймадан жарты келіден астам синтетикалық есірткі заты алынды. Бұл — жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында тәркіленген ең ірі есірткі партияларының бірі.
Жалпы, биылғы жылдың 9 айында Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері заңсыз айналымнан 771 келі түрлі есірткі затын, соның ішінде 4,5 келі синтетикалық есірткіні тәркілеген.

