Универсальная көшесіндегі көпірдің құрылысы аяқталуға жақын
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапары аясында нысанда жүргізіліп жатқан құрылыс барысын тексерді.
СҚО әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі таңда жол өткелінің темірбетон конструкциясы дайын. Сонымен қатар үйінді қабатын қалыптастыру, тіреу қабырғасын орнату және суағар жүйесін құру жұмыстары аяқталуға жақын.

Бастапқыда құрылыстың аяқталуы ағымдағы жылдың соңына жоспарланған болатын. Бас мердігер «БУКА» ЖШС. Алайда мердігердің жауапсыздығы және ҚР заңнамасының бірқатар баптарын бұзуы салдарынан қалалық әкімдік мердігермен жасалған келісімшартты бұзып, осы факті бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына тапсырды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Құрылыс жұмыстарын жергілікті мердігер «Құрылыс Сервис» ЖШС аяқтайтын болады. Жұмыстар екі ауысымда ұйымдастырылып, 40-тан астам маман мен 30 техника жұмылдырылды. Құрылыстың сапасы басты назарда, нысан техникалық қадағалау бақылауында.

