Петропавлда жаңа өрт сөндіру депосы ашылды
Тәуелсіздік күні қарсаңында «Береке» шағынауданында заманауи өртсөндіру депосы ашылды. Төтенше жағдайлар департаменті қарасты нысанға ерлікпен қаза тапқан Алтынбек Абдрахмановтың есімі берілді. Салтанатты шараға Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов және облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты.
СҚО ТЖД мәліметінше, қаламызда өрт сөндіру қызметінің нысаны соңғы рет 1975 жылы ашылды. Ал «Береке» шағынауданындағы депосының алғашқы осыдан 50 жыл бұрын салынған болатын.

Депо құрамында алты пәтерден тұратын тұрғын үй бар, бұл мамандардың қызмет орнына жақын маңда баспанамен қамту мүмкіндігін береді. Сонымен қатар, жаттығулар өткізуге және тактикалық дағдыларды пысықтауға арналған оқу мұнарасы салынған.
Салтанатты іс-шара барысында жаңа өрт сөндіру техникасының кілттері табысталды. Айта кету керек, Киров атындағы зауыт өрт сөндіру техникаларын заманауи байланыс құралдарымен, бейнебақылау жүйелерімен және арнайы дрондармен жабдықтады.

