СҚО әкімі Петропавлдағы Тәуелсіздік стелласына гүлшоқтарын қойды
16 желтоқсан — ел тарихында елеулі күндердің бірі. Сонау 1986 жылы қаһарлы қысқа қарамастан Алматы қаласында жастар орталық алаңда жиналып, Тәуелсіздік ертеңі үшін жанын пида етті. Бұл қасіретті күн халық жадында мәңгілікке сақталды. Ал 1991 жылдан бастап, атаулы дата Егемендігіміздің нышаны болып келеді. Желтоқсан құрбандарын еске алу мақсатында облыс әкімі дүйім жұртпен гүлшоқтарын Тәуелсіздік стелласына қойып, бір минуттық үнсіздікпен боздақтарды еске алды.
16-шы желтоқсан — ғасырлар бойы аңсаған азаттықтың ақ таңы атқан күн. Астарында зор мән-мағына жатқаны баршамызға аян. Бүгін тура 39 жыл бұрын орын алған Желтоқсан оқиғасы еріксіз еске түседі. Тарихымызда тайға таңға басқандай жазылған жайттың ызғары әлі сезіліп тұр.

Биыл ел тәуелсіздігіне 34 жыл толып отыр. Айтулы датаны еске алған облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, әлеуметтік желідегі парақшасында барша жерлестерімізді мерекемен құттықтады.
-Тәуелсіздік – халқымыздың ең қастерлі құндылығы, ел бірлігі мен тұрақты дамуының берік негізі. Осы жылдар ішінде Қазақстан өз жолын айқындап, бейбітшілік пен келісімді басты құндылық еткен, болашағына сеніммен қарайтын қуатты мемлекетке айналды. Бұл мереке — өткенге тағзым етіп, келешекке нық қадам басатын айрықша күн. Ел игілігі жолындағы бірлескен еңбегіміз, ауызбіршілігіміз бен жауапкершілігіміз тәуелсіздігімізді нығайта түсетініне сенімдімін.
Осы айтулы күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке мен тұрақты тыныштық тілеймін, деп жазды СҚО әкімі.

