Петропавл госпитальдарында қаза тапқан сарбаздардың жерленген орны жаңартылады
Петропавл қаласы әкімі халық алдында есеп беріп, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхасында Серік Мұхамедиев дүйім жұртқа істелінген жұмыстар бойынша қорытынды жасады. Сондай-ақ, алдағы жоспарларымен бөлісті, Оның бірі — Мүсірепов көшесіндегі зиратттың жаңартылуы.

Қала әкімінің айтуынша, ескі зират санитарлық талаптарға сәйкес жерлеу мерзімі әлдеқашан өткен, ал аумақ жүйелі күтімді, жан-жақты көзқарасты қажет етеді.
Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев бүгінде аумақты кешенді абаттауға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын жеткізді.
— Зират заңнама талаптарына сай рекреациялық саябақ аймағы ретінде рәсімделуі тиіс. Адамдар мұнда сабырмен серуендеп, мемориалдарға тағзым етіп, осы жерде мәңгілік тыныс тапқан батырлардың рухына құрмет көрсете алуы қажет, – деді Серік Мұхамедиев.
Айта кетейік, Мүсірепов көшесіндегі бұл жерлеу орны – Петропавл қаласының тарихи жадындағы айрықша нүкте. Мұнда соғыс өрті шарпыған жылдары Солтүстік Қазақстандағы эвакуациялық госпитальдарда көз жұмған жауынгерлер жерленген.

