Жарияланған күні: 23.12.2025
Петропавлда Бауыржан Момышұлының мұрасы дәріптелді
Петропавл қаласында көрнекті қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Бауыржан Момышұлы: аңызға айналған қаһарман» атты жастарға арналған патриоттық форум өтті.
Іс-шара барысында еркіндіктің құны, тарих алдындағы жауапкершілік және ел тағдырындағы тұлғаның рөлі кеңінен сөз болды. Форумға соғыс және еңбек ардагерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясының курсанттары мен өңір жастары қатысты.

Сурет: «Аманат» партиясы СҚОФ-ның баспасөз қызметінен алынды
Жиынды ашқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов соғыс батырларының ерлігін ұлықтау – өткенге тағзым ғана емес, сонымен қатар қазіргі қоғамда саналы әрі жауапты азамат қалыптастырудың маңызды тетігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Бауыржан Момышұлының өмір жолы жастарға патриотизмнің ұраннан емес, ішкі тәртіп пен жеке жауапкершіліктен басталатынын айқын көрсетеді.
— Бауыржан Момышұлы патриотизмді ешқашан әдемі сөзбен өлшеген емес. Ол үшін Отанға деген сүйіспеншілік адал қызметтен, қатаң тәртіптен және қабылдаған шешімге жауап бере білуден көрінді. Бүгінгі ұрпақты тәрбиелеу ісінде оның өмірі – ең сенімді үлгілердің бірі, – деді Ескендір Елеусізов.
Форум аясында ардагерлер ұйымдары, іздестіру жасақтары мен әскери-патриоттық клубтардың өкілдері де сөз сөйлеп, Бауыржан Момышұлы ұстанған қағидалар уақыт пен қызмет саласына қарамастан өз маңызын жоғалтпайтынын атап өтті. Сондай-ақ соғыс тарихын сақтау – жастардың белсенді қатысуын талап ететін үздіксіз әрі тірі үдеріс екені айтылды.Іс-шара барысында форумға қатысушылар Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

