Сыра өнімдері таңбалана бастады
Елімізде ақпанның 1-нен бастап, сыра өнімдеріне міндетті цифрлық таңбалау жүйесі қолданысқа енгізілді. Оған сәйкес, барлық тауарда «Data Matrix” коды болуы тиіс.

Сатып алушы бірнеше секундта өнімді сканерлеу арқылы атауын, өндірушісін және қозғалыс бағытын анықтай алады. Яғни, зауыттан дүкенге, кейін тұтынушыға дейінгі жолы қадағаланады. Қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы бөлімінің басшысы Ербол Шаймерденовтің айтуынша, мұндай таңбалау заңсыз сатылымды алдын алуға өз серпін бермек.
— Мемлекеттік кірістер комитеті осы арқылы заңсыз сатылымның алдын алғысы келеді. Талапты орындамаған кәсіпкерлерге алдымен ескерту жасаймыз. Оған көнбесе, 30 АЕК көлемінде айыппұл саламыз. Айта кету керек, бұдан былай таңбаланбаған сыраны өндіруге және импорттауға тыйым салынады, — дейді Ербол Шаймерденов.


