Петропавлда қар шығару жұмыстары қарқын алуда
Көктем басталысымен су тасқыны болу қаупі өсіп барады. Сол себепті Петропавлдағы коммуналдық қызметтер өз жұмыстарына білек сыбана кірісіп кетті. 2024 жылғы жағдай қайталанбау мақсатында қаланың барлық аудандарынан ақ ұлпа көптеп шығарылуда.
Петропавл қаласы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, қыс басталғалы шаһардан 850 мың текше метр қар шығарылды.
Маңызды іс су тасқынының алдын алуға бағытталған. Көшелерден жиналған ақ ұлпа арнайы полигондарға шығарылады. Полицейлер тұрғындардан көліктерін көше бойына қоймауларын сұрайды. Себебі, бұл қар тазалау жұмыстарына кедергі келтіреді.
Қазіргі таңда коммуналдық қызметтер суағарларды жүйелі түрде тазартуда. Петропавлда қар тазалау жұмыстарымен 9 серіктестік айналысады. 170 техника жұмылдырылған. Жауапты мамандар күні-түні аянбай еңбек етуде.

