Биыл 215 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріледі
Петропавлда тұрғын үй құрылысына көп көңіл бөлінуде. Биылдың өзінде 215 мың шаршы метр қолданысқа берілмек.
Жақында ғана облыс әкімі қаланы аралап, тұрғын үй құрылысының барысымен танысты. Өңір басшысы М.Жұмабаев көшесінде салынып жатқан 72 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын бағамдап көрді. Бұл баспана Заречный кентінің тұрғындарына арналмақ. Су тасқынынан зардап шеккендерге осы үйден пәтерлер берілмек. Құрылысты аяқтау және тұрғындарды қоныстандыру ағымдағы жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған.

Өңір басшысы Исмаилов және Парковая көшелерінің қиылысында бой көтеріп жатқан 54 пәтерлі бизнес-класс санатындағы коммерциялық тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен де танысты.
Жауапты мердігер ұйымдарға құрылыс мерзімдерін қатаң сақтау, сондай-ақ барлық кезеңдерде атқарылатын жұмыстардың сапасын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Жалпы, 2026 жылы Петропавл қаласы бойынша шамамен 215 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

