СҚО-да МӘМС-те сақтандырылмаған азаматтар азайды
Петропавлда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының алаңында өңірдің денсаулық сақтау өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Аталған іс-шараны Қазақстанның жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының мүшелері ұйымдастырды. Тақырыбы – Медицина саласының проблемаларын шешудің перспективалары мен жолдары.

Кездесу Дүниежүзілік денсаулық күнінде өтті. Дөңгелек үстелде қатысушылар әлеуметтік маңызы бар ауру – туберкулез туралы айтты. Фтизиопульмонологиялық орталықтың маманы осы ауруды анықтау әдістері туралы айтып, статистикаға тоқталды.
Сонымен қатар, СҚО денсаулық сақтау басшысының орынбасары цифрландыру туралы айтты. Оның сөзінше, медицинаға жаңа технологияларды енгізу халықтың денсаулығына қатысты мәселелерді шешуде жылдамдық қоспақ.
Дөңгелек үстелге «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Талғатбек Тілеубердин де қатысты. Қор өкілі МӘМС туралы заңға қатысты жаңа өзгерістер туралы айтып берді. «Сақтандыру»мәртебесіне қатысты мәселе егжей-тегжейлі тоқталды.
— Облыста 520 мың адам тұрады. Оның 59 мыңға жуығында «сақтандырылған» мәртебесі жоқ. Биыл Д және Е санатына 24 мыңнан астам адам кіріп, жергілікті орган арқылы сақтандырылды. Айта кету керек, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жергілікті атқарушы орган халықтың әлеуметтік осал топтары үшін, яғни Д және Е санаты үшін жарналарды төлей бастады, осы жаңашылдықтың арқасында көптеген азаматтар мәртебеге ие болды, енді медициналық көмек ала алады, — деді Талғатбек Тілеубердин.
Филиал директоры орынбасарының айтуынша, халықты «сақтандыру» мәртебесіне алу жолында жұмыс берушілер қателіктер жібереді. Олар өз қызметкерлері үшін жарналарды уақтылы аудармайды. Сонымен қатар, жұмыс берушілер жарналарды аудару кезінде қателіктер жібереді, яғни КНП 122 кодына сәйкес, олар басқа мән кодтарына қаражат салады.

