Петропавлдың орталық көшесі жаңартылып жатыр
Өткен жылы облыс орталығының басты жаяу жүргіншілер көшесі жаңа кейіпке енген болатын. Биыл бұл жұмыс жалғасын тапты.
СҚО әкімдігінің ақпаратына сәйкес, биыл жөндеу жұмыстары Парковая көшесінен Назарбаев көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Жоба аясында тас төсемін ауыстыру, жарықтандыру жүйесін жаңғырту және сәулеттік келбетін кешенді түрде жаңарту көзделген. Сонымен қатар тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандарының қасбеттері жаңартылады.

Одан бөлек субұрқақтарды жөндеу және абаттандыру элементтерін орнату жоспарланған.
Пестрое көлі маңында «Qyzyljar» эко-паркін құру жобасы жүзеге асырылуда. Саябақтың жалпы аумағы 41 гектарды құрайды. Мұнда жыл бойы демалуға, мәдени іс-шаралар өткізуге арналған қолжетімді кеңістік құрылып, триатлон парк орналаспақ. Жоба аясында аумақты абаттандыру, жарықтандыру жүйесін орнату, шағын сәулеттікұ нысандарды орналастыру, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және автотұрақ аймақтарын ұйымдастыру қарастырылған.
Тепличное ауылы арқылы паркке апаратын кірме жолды кеңейту және 520 орындық автотұрақ салу жобасы әзірленуде.

