СҚО-да IT салаға басымдық берілуі тиіс
Облыстағы ауылдардың 93%-ы интернет жүйесіне қосылған. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының 87%-ы цифрлық технологияларды қолданады екен. Бұл ақпарат ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляеваның өңірге жұмыс сапары барысында белгілі болды.
Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының мәліметіне сәйкес, өңірде ауқымды цифрлық инфрақұрылым қалыптасқан: ауылдардың басым бөлігі интернетпен қамтылған, 5G желісі жұмыс істейді, 11 креативті IT-орталық ашылған, 46 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған, ал барлық мектептер цифрлық платформаларға қосылған. Агроөнеркәсіптік кешен де қарқынды цифрландырылуда – кәсіпорындардың 87%-ы өнімділікті бақылау, мал шаруашылығын цифрлық мониторингтеу сияқты заманауи шешімдерді пайдаланады.
— Биыл Цифрландыру жылы аясында жоспарланған 51 іс-шараның 18-і өткізілді. Олардың қатарында жасанды интеллектке арналған халықаралық конференция мен «Digital Nauryz» онкүндік фестивалі бар. Барлық бастамалар өңірді дамытуға және тиімді басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық экожүйе құруға бағытталған, – деді облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Азамат Байтеміров.
Сапар барысында Петропавл қаласында тұрғын үйді басқару ұйымдарының төрағаларымен кездесу өтті. Атап айтқанда, пәтер иелері кооперативтері, мүлік иелері бірлестіктерінің басшылары қатысты. Талқылау нәтижесінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында цифрлық шешімдерге сұраныстың жоғары екені айқындалды. Қатысушылар үйлерді басқаруға арналған бірыңғай цифрлық платформалардың жоқтығын, қызмет көрсету үдерістерінің ашық еместігін, сондай-ақ қызмет сапасын бақылауға мүмкіндік беретін құралдардың жеткіліксіз екенін атап өтті.
Сонымен қатар, бейнебақылау жүйелері мен коммуналдық ресурстарды цифрлық есепке алу сияқты «ақылды» технологияларды енгізу тиімділік пен ашықтықты арттыратыны айтылды. Нәтижесінде тұрғындар, басқарушы ұйымдар және IT-мамандар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту қажеттігі атап өтілді. Бұл цифрлық шешімдердің халық сұранысына сай болуына мүмкіндік береді.

