Мал қырылып, адамдар ауырып жатыр: Ақмоладағы ауылдардың бірі карантинге жабылады
Ақмола облысындағы Үшқарасу ауылында мал қырылып, адамдар түйнемемен ауруханаға түсіп жатыр, деп хабарлайды тілшіміз Uysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, 2023 жылдың 28 тамызында Ақмола облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен Жарқайың ауданындағы ЖШС жұмысшылары «түйнемеге» шалдыққандығы туралы хабар түскен.
ЖШС директорының айтуынша, 32 бас ірі қара мал қырылған. Өлген мал жойылды, ал еті комиссиялық түрде тәркіленді.
«Есіл аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесіне 12 адам жатқызылды. Сонымен бірге, байланыста болған 22 адам анықталып, олар Жарқайың аудандық ауруханасының медицина қызметкерлерінің бақылауына алынды. Клиникалық көрінісі мен зертханалық мәліметтері бойынша «түйнеме» диагнозы қойылды. Науқастар клиникалық хаттамаға сәйкес ем қабылдайды, детоксикация терапиясы, антибактериалды терапия жүргізіледі», — деді ведомстводан.
Ветеринария басқармасынан атап өткендей, санитариялық қызмет эпидемияға қарсы іс-шаралар өткізіп жатыр. Ауданның бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес байланыста болған адамдарға медициналық бақылау орнатылды.
Дезинфекция барлық тексерілген ошақтарда жүргізілді.
«Оқиға орнында СЭС, денсаулық сақтау мамандары, сондай-ақ Ветеринариялық бақылау комитетінің аумақтық инспекциясы мен ветеринария басқармасының қызметкерлерінен құралған топ жұмыс істеп жатыр. Ертең Үшқарасу ауылының аумағында карантин жарияланады. Инфекция ошағын жою бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ауылшаруашылық өнімдерін тасымалдауды шектеу мақсатында аудандық полиция бөлімі Үшқарасу ауылына бекеттер орнатты. Ауыл маңына полиция нарядтары қойылып, кіріп, шығатын көліктер мен адамдарды тіркеп жатыр», — деп толықтырды ведомстводан.