СҚО-да отбасылық жанжалға қатысты 11 оқиға тіркелді
Үш күнге созылған мереке кезінде Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында күшейтілген режимде қызмет атқарды. Демалыс күндері өңірдегі криминогендік ахуал тұрақты болды.
Үш күн ішінде облыс орталығының полициясына жедел ден қоюды талап ететін 531 хабарлама келіп түсті. Оның 11-і отбасылық жанжалдарға қатысты. Мұндай жағдайлардың басым бөлігі алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс тұтынумен байланысты болды. Сонымен қатар түнгі тыныштықты бұзудың үш дерегі тіркелді.
Мереке күндері полицияның барлық бөлімшелерінің қызметкерлері адам көп жиналатын орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылдырылды. Мәдени-көпшілік іс-шаралар ерекше бақылауда болды.
Іс-шаралар өтетін орындарға жаяу патрульдер жақындатылып, автопатрульдердің бағыттары да соған сәйкес ұйымдастырылды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асырудың негізгі бағыттарының бірі. Полицейлер азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға және құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырады.

