Петропавлда үй өртеніп үш адам мерт болды
Петропалда жеке секторда үй өртеніп, үш адам мерт болды, деп хабарлайды тілшіміз.
Қызыл жалын 20 жастағы келіншекпен екі баланың өмірін жалмады. Оның бірі 5 – те болса, екіншісі небәрі бір жасар сәби екендігі анықталды. Төтенше жағдай кеше кешкісін болған. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде баспана өртеніп жатқан. Тілсіз жауды ауыздықтауға жеке құрамнан 15 адаммен 3 техника жұмылдырылды. Алдын ала болжам бойынша от электр сымдарының қысқаша тұйықталуынан болған. Қазір аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Жалпы жыл басынан бері өңірде 448 өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан 23 адам қаза тапты.
«Күйеуі жұмыстан кейін ұйықтап жатқан. Оны келіншегі оятқан. Артынша ол терезені сындырып үйдегілерді сыртқа шығармақ болады. Алайда ол ойлағандай болмады. Өзі сыртқа шығып үлгерді. Ал қалған үш адам қайтыс болды», -деді Петропавл қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Назымбек Елемесов.