Петропавлда өрт кезінде көз жұмған 3 адамның өліміне отағасы кінәлі болуы мүмкін
Петропавлда екі сәби мен келіншектің өліміне отағасы кінәлі болуы мүмкін. Қылмыстық іс қозғалып, 25 жастағы күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды тілшіміз.
Үй иесі – 25 жастағы жігіт терезені бұзып шыққанымен, отбасы мүшелерін құтқара алмаған.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл дерек «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
Енді қылмыстық іс «Екі және одан да көп адамды өлтіру» бабы бойынша қаралып жатыр.
«Сол күні Петропавл ТЖБ қылмыстық іс қозғалды және тергеуге сәйкес ол ПД тергеушілеріне берілді. Ол кезде, әрине, әлі болған жоқ, тек алдын ала себеп болды, брифингте айтылғандай ол қысқа тұйықталу. Бірақ одан әрі мәселе басқа көрініске ие болды», — деді СҚО ТЖД баспасөз қызметінің қызметкері Евгений Журавлев.
Полиция қызметкерлері әйел мен екі баланың өлімінде криминалдық көрініс бар екенін растады.
«СҚО Полиция департаменті тергеу басқармасы осы факті бойынша қылмыстық құрам болғандықтан қосымша қылмыстық іс тіркеді. Барлық тиісті соттық сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық іс бойынша жедел тергеу тобы құрылды, барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіледі.Қылмыстық іс облыс прокуратурасы және полиция департаменті басшылығының бақылауында», — делінген баспасөз хабарламасында.
Естеріңізге сала кетейік, оқиға қыркүйек айының соңында болған еді. Петропавлдағы Волочаевская көшесінде жеке тұрғын үй өртеніп, өрт сөндіру барысында өрт орнынан 3 адамның – 20 жастағы келіншектің, 5 және 1 жастағы екі баланың денесі табылған еді.