СҚО архиві Алаш қайраткерлеріне қатысты тың құжаттармен толықты – Сәуле Мәлікова
Биыл Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің құрылғанына 100 жыл толды. Архив пен тарих – егіз ұғым, мекеме қызметкерлері елдің құнды қазынасын шашау шығармай сақтап, жылдан жылға молайтып, зерттеп, оны іске жаратып жатыр. Сәуле Зейноллақызы басқарған соңғы 20 жыл ішінде обыстық архив көптеген зерттеуге негіз болды, ондаған ғылыми еңбек жарыққа шықты. Kazinform тілшісі осы бір «инемен құдық қазғандай» істің басы-қасында жүрген тарих ғылымдарының кандидаты, Құрмет орденінің иегері Сәуле Мәліковамен сұхбаттасты, деп хабарлайды тілшіміз.
– Сәуле Зейноллақызы, биыл өңірдегі басты архивтің құрылғанына 100 жыл толды. Қысқаша тарихына тоқталып өтсеңіз…
– Архивтің тарихы елдің тарихымен тығыз байланысты. 1917 жылғы аумалы-төкпелі кезеңде большевиктер өз Үкіметін орнатты, осы жылдың аяғында қазақ комитеттерімен бірге Алаш өз Үкіметін – Алаш Орданы құрды.
Азамат соғысы жылдары Петропавлда большевиктердің билігі құлаған. Сонда екі жылдай Алаш қайраткерлері, Алаш орда өз комитеттерімен және Сібір уақытша Үкіметімен бірге басқарған болатын. Осы оқиға аяқталғаннан кейін, 1920 жылы Қазақ автономиялық Республикасын құру жөнінде Мәскеудің, Лениннің тікелей қатысуымен жаңа Автономиялық республика орнады. Бұл кезде Петропавл Сібір Үкіметінің қол астында болды. Тек 1921 жылдың сәуір айында ғана біз Ақмола губерниясы, орталығы Петропавл болып Қазақ АССР құрамына кірдік. Жаңа құрылған Үкіметтің, мемлекеттік органдардың әр уақытта жүргізіп отырған іс-қағаздары сол уақытта ведомстволық архивтерде сақталды.
Ақмола губерниялық атқару комитеті басқа губерниялар сияқты орталықтандырылған архив құру жөнінде шешім қабылдайды. Жеке мекеме, кәсіпорындар мен ұйымдардағы құжаттарды жинақтап, бір жерге сақталатын болды.
Ақмола губерниясы атқару комитеті архив бюросын құру жөніндегі шешімінде архив саласының негізгі міндеттері айтылып кеткен. Олар – құжаттарды жинақтау, сақтау және оны пайдалану.
Осы үш негізгі мақсатты біз 100 жыл бойы жүзеге асырып келе жатырмыз. Уақыттың өтуіне, өлкенің әлуметтік-экономикалық, саяси дамуына байланысты Архивтің міндеттері мен бағыттары сақталса да, мазмұны күрделеніп, толығып отыр.
1998 жылы архив құжаттары жөнінде арнайы «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заң қабылданды. Оған биыл 25 жыл толды. Ұлттық архив қорына кіретін құжаттар тұрақты сақталып, халқымыздың құжаттық жады болып саналады. Ал оны сақтау үшін арнайы жағдайлар жасалған.
Бұл – арнайы ғимараттардың салынуы, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі, архив қоймаларында бірқалыпты температуралық- ылғалды режимнің болуы, өшіп бара жатқан құжаттарды реставрация жасап, қалпына келтіру.
– Заман бір орында тұрмайды, үнемі даму үстінде, сіздер өз жұмыстарыңызда қандай жаңашылдықтарды енгізіп жатырсыздар?
– Қазан айының ортасында Орынбор қаласында Ресей архивистерімен кездестік, ондағы мақсат – өзіміздің архив саласындағы жетістіктерімізбен бөлісіп, пікір алмасу және құжаттарды пайдалануда бірге ғылыми басылымдар дайындау.
Кездесу барысында ортақ тарихымызға байланысты Ашаршылық жылдары, Екінші Дүниежүзілік соғыс, тың игеру, т.б.құжаттар жинағын шығару мәселесі қаралып, оң шешімін тапты.
Жалпы сандық форматқа көшіруде Қазақстан архивистері алда келеді. Ресейліктер бізден үйренетін жақтары бар екенін айтып, жұмысымызға оң баға берді.
Бізде сандық форматқа көшіру жоспары бар, оны министрлік бекіткен. Республика бойынша да бұл жұмыс бойынша алдыңғы қатардамыз. СҚО архивінде 1 млн 800 мың құжат сақталса, соның 5,4%-ы, яғни 94 мыңы цифрлық форматқа көшірілді. Бұл алдымен зерттеушілерге жедел көмек беруге ыңғайлы. Екіншіден адамдар әртүрлі, олардың бірі архив құжаттарын ұқыптылықпен пайдаланса, енді бірі «жыртып аламын, бүлдіремін» деп ойламай, айтқанның өзінде қалай-болса солай қолдануы мүмкін. Ал қазір сұраған жағдайда оларға электронды форматын береміз. Ең негізгісі – халықтың сұрауына байланысты біз құжатты жедел тауып аламыз.
Сандық форматқа көшудің оң тұстары көп. Бұрын келген адам өтініш жазатын, кейін сол бойынша қоймаға барып, іздеп тауып әкелетін. Оған біраз уақыт керек еді. Ал қазір базадағы деректерді пайдаланып, жедел жауап береміз. Қазіргі уақытта жедел түрде жауап беру көп мәселені оң шешеді, ол жеке адамдар немесе заңды тұлғалар болсын.
Ал көпшілік қызығушылық тудыратын тарихқа байланысты құжаттарды өзіміздің ресми сайтымызға орналастырдық. Ол – көп жылғы жұмыстың нәтижесі. Мәселен, «Есімдері мәңгі жадымызда» деген жобамызда Екінші Дүниежүзілік соғысқа СҚО-дан аттанған 80 мыңнан астам адамның есімі енгізілген.
Мысалы, Ыбыраев деп терсем, барлық Ыбыраевтардың фамилиясы шығады. Қай жылы туған, қай жерден соғысқа аттанған, қай жерде соғысқан, қандай шенде болған, қай жылы мерт болған немесе хабарсыз кеткен – осының бәрі көрсетіледі.
Бұл жерде сондай-ақ СҚО-дан шыққан Кеңес Одағының батырлары туралы да ақпарат бар. СҚО-дан партизан қозғалысына қатысқандардың тізімін де қостық. Ол Беларусь архивінен алынды. Біздің мақтанышпен айтатын еңбегіміз — 106 кавалериялық-атты дивизияның Харьков түбінде қаза болғандардың тізімі. Ол жақын арада табылған құжаттармен толықты.
Сондай-ақ соғысқа барып, түрлі жағдайлармен тұтқынға түскен, тұтқыннан азат етілгеннен кейін фильтрациядан өткен, кейін елге келіп, тұтқында болды деп қуғынға ұшыраған 4 мыңнан астам азаматтың тізімі де осында жарияланды.
Жақында саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың базасы жарияланады. 8 395 азамат – ақталғандар базасы, оны жинақтадық. 2 352-сі – атылғандар. Бұдан басқа әлі күнге дейін ақталмағандары да бар, олардың саны 14 мыңнан асады. Мұның бәрі – электронды форматқа көшірілген құжаттардың кішігірім ғана бөлігі.
– Қандай құжаттар бірінші кезекте сандық форматқа көшіріліп жатыр?
– Ең бірінші кезекте біз өте құнды құжаттарымызды сандық форматқа көшірдік. Ол өлкенің тарихына, жеке тұлғалардың өмірбаянына байланысты.
Мысалы Мағжанның өз қолымен толтырған анкетасы, Мағжанның ашаршылыққа қатысты 1922 жылы жазған есебі бар орыс тілінде, ашаршылықпен күресті ұйымдастыру және көмек жинау мақсатымен мандат беріп, қаншама азаматты болыстарға жібергені жөнінде түпнұсқа құжаттар сақталған.
Одан кейін облыстық қалалық әкімдіктің шешімдері базаға енгізілді. Себебі кешегі күні бір ғана ұйымнан 30-дан астам сұрау түсті. Біз сұраныстарға жедел түрде жауап беру үшін жер, тұрғын үй кезегіне тұру мәселесіне қатысты, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты шыққан шешімдері бірінші кезекте электронды базаға енгіздік. Қазір тұрғындардан саяжай учаскелеріне және гараж кооперативтеріне қатысты сұрау көп түсіп жатыр, ол «горисполкомның» шешімдері.
Бұдан бірнеше жыл бұрын қала көшелерінің атауларына, олардың шығу тарихына, елді мекендердің көше атауларына байланысты үлкен сұрау келіп түсті. Жалпы қазақстандық реестрге енгізу мақсатымен жұмыс атқардық. Ол жерде де жергілікті органдардың шешімдері қажет болды. Соны да электрондық базаға енгіздік, яғни қандай құжаттар көп сұранысқа ие, солар бірінші кезекте цифрландырылды.
– «Архив – 2025» бағдарламасының қабылданғанын білеміз, нәтижесі бар ма?
– Шетелден еліміздің тарихына байланысты құжаттарды жинақтаудамыз. Биыл Алаш қайраткерлері жайында көп құжат табылып, әкелінді. Мағжанның өміріне қатысты керемет түпнұсқа құжат биыл Мәскеуден алынды. Онда Мағжанның Мәскеуге кетуіне мәжбүр болып, сол жерде қол қусырып жай отырмай, Әдебиет және өнер институтында оқып, сонымен қатар Нәзір Төреқұлов директор болған «Шығыс» баспасында аудармашылық қызмет атқарғандығы жазылған. Сол баспа қызметкері ретінде тізімде бірінші Әлихан Бөкейхан, одан кейін екінші Мағжан Жұмабай тұр аудармашы ретінде. Ол жерде Лениннің жазбаларын қазақшаға аударды, М.Горькийдің «Буревестнигін», Всеволод Ивановтың шығармаларын қазақ тіліне аударған. Сондай-ақ мектептерге қажет ғалымдардың физика жайындағы орыс тілді еңбектерін қазақ тіліне аударып, еңбек еткендігі айтылған.
Тағы бір құжат – Мағжанның күрделі кезеңде саяси қайраткерлігін растайтын 1918 жылы Петропавл уездік ІІ төтенше жиналысына қатысқаны туралы құжат. Күн тәртібінде Есіл (Ишим) уезінің Типлодубный болысы мен Тұқала (Тюкалинск) уезінің Правдинский болысын Петропавл уезіне қосу туралы мәселе қаралған екен. Ал екінші қаралған мәселе – Есеп комиссиясына кандидаттарды қосу және облыстық земствоның құрамына дауыс берушілерді сайлау бойынша болған. Уақытша Сібір үкіметінің өкілі Кузнецовтың сөйлеген сөзін Мағжан Жұмабайдың қазақтар үшін түсінікті болуы үшін қазақ тіліне аударып отырғаны хаттамада атап тұрып жазылған.
Екінші тұлға – Смағұл Сәдуақасов. Оның бізде өте құнды құжаты бар. Ағарту министрі болған кезеңде осы өлкеде қызмет еткен, ақын, «қызыл» комиссар болған. Тверитин деген ақын «Қозы Көрпеш, Баян Сұлу» шығармасын орысшаға аударған. Соны Смағұл Сәдуақасов министр ретінде келісімге отырып, қол қойып, қолжазбасын сатып алған.
Жалпы бұл қайраткердің Қазақстан тарихындағы орны ерекше. Бұл тұлға әлі толық зерттелмеген, қазіргі уақытта Голощекинге қарсы шықты деп жалпылама айтқанымен, ол бірінші қазақ экономисі, әдеби сыншыладың бірінші қатарында деп те айтуға болады. Оның 19 жасында жазған «Қазақ әдебиеті» деген мақаласында бүкіл қазақ тарихындағы ақындарға – Біржан сал, Абай, Мағжан өлеңдеріне жан-жақты тоқталып, терең ғылыми еңбек жазған екен.
Кеңес саясатының жағымсыз жақтарын ашық айтып, сынаған, қарсы шыққан. Смағұл – Қазақстанда бірінші жоғары оқу орнын ашуды ұйымдастырған. Қазақ театрының негізін қалаушы да – осы кісі. 1933 жылы ол Мәскеуге кетуге мәжбүр болды. Сол жерде жоғары оқу орнын аяқтап, қызмет етіп жүрген жерінде кенеттен қайтыс болды. Не себептен қайтқаны әлі күнге дейін жұмбақ.
– Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанда саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды толығымен ақтау жөнінде ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстың біздің өңірде нәтижесі қандай?
– Өңірде үлкен жұмыс тобы құрылды, оған жергілікті университеттің ғалымдары, архив қызметкерлері кірді. Үш жылда ауқымды жұмыс атқарылды. Кеңес дәуірінде алғаш рет саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды 1950 жылдардың аяғында ақтау жүрді. Кейін алпысыншы, сексенінші жылдың аяғында ақталды бір бөлігі. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы Саяси қуғынға ұшырағандарды ақтау туралы Заң қабылданды, бірақ сол заң қуғынға ұшырағандардың санатын нақтылап бере алмады. Салдарынан көптеген бөлігі ақталмай қалды. Президентіміздің, ұлт зиялыларының ұсынысы бойынша 2020 жылы қараша айында Жарлық қабылданып, бізде жоспарлы түрде жұмыс жүргізілді. Сол жұмыстың барысында өте көп ақпарат жинақталды. Соның ішінде жаңа санаттар анықталды, бұған дейін зерттелмеген. Ол – қазақтың байлары. Ірі байлардың дүние-мүлкі конфискеленіп, одан кейін отбасыларымен жер аударылып кетсе, ал отызыншы жылдары халықтың ауқатты бөлігін жаңаша «кулак» деп атады. Бүгінгі күні біздің облыста ғана 3 мыңға жуық осындай адам анықталды. Соның ішінде ірі 368 бай, 3 283-і — «кулак» тізіміне енгендер.
Саяси қуғынға ұшырағандармен жұмыс барысында біздің өңірге көшіп келгендердің тізімін жасадық. 1944 жылы шешендер мен ингуштардың бізге жер аударылғандар саны 20 мыңнан астам екені белгілі болды. 1937 жылы 9 350 корей, 1941 жылы 80 мыңнан астам неміс, 1936-1940 жылдары 54 834 поляк депортацияланған. Бұған дейін поляктардың 21 мыңы ғана СҚО-ға жер аударылды деп келді.
СҚО бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарының картотекасы жасалды, оған 8 747 адам енгізілді. Оның ішінде 4 446 адам 58 бап бойынша сотталған.
– Архивтің негізгі бағыттарының бірі – құжаттарды пайдалану деп айттыңыз. Осы бір ғасырдың ішінде талай ғылыми-зерттеу еңбегі жарыққа шыққан шығар…
– Құжатар негізінде кітаптар шығарамыз, ғылыми мақалалар – монографиялар, құжаттар жинағы жарық көреді. Соңғы 15-20 жылға тоқталсақ, өлкенің тарихына байланысты ХІХ ғасырдың орта кезеңінен бастап, 2017 жылға дейін өлкеміздің аймақтық-әкімшілік бөлінісінің тарихы жинақталған құжат, Кеңес Одағының батырларын осы архив деректері негізінде жинақтап, нақты 55 азаматтың тізімін жасадық. Ол жинақта қазақша-орысша өмірбаянын бердік, олардың есімімен қай елді мекенде қай көшеге есімі берілгендігі туралы мағлұмат бар.
Кеңес дәуірінде еңбегімен аты шыққан адамдардың өмірбаянын бердік және Тәуелсіздік алғаннан кейін Еңбек Ері атанған азаматтарымызды да жинаққа енгіздік.
Мағжанның 125 жылдығына Мағжанның екі томдығын шығардық. Алғаш рет архив құжаттары негізінде оның шежіресін бердік. Екінші томында өлеңдері бар. Осы жұмыс барысында оның алғашқы «Шолпан» атты өлеңдер жинағын таптық. 1912 жылы Қазан қаласындағы баспадан шыққан. Соның түпнұсқасын тауып, кітапқа енгіздік. Биыл түпнұсқадағы өлеңдерді кириллицаға аударып, сол «Шолпанды» кез келген азамат оқи алатындай етіп баспаға дайындадық. «СҚО-ның Алаш қайраткерлері» атты құжаттар жинағы шықты.
Саяси қуғынға ұшырағандарды ақтау бойынша жұмыстың қорытындысы ретінде екі кітап әзірледік. Қуғынға ұшырағандардың ұрпақтарының, туыстарының немесе ғалымдардың солар жөніндегі естеліктері. 600 беттен тұрады, жылдың соңына дейін ждарыққа шығуы тиіс.
Екіншісі, дін иелерінің саяси қуғынға ұшырау барысы. Бұл – құжаттар негізінде жазылған жинақ. Мағжанның 130 жылдығына жаңа келіп түскен құжаттармен біріктіріп монография әзірлеп жатырмыз. Демеуші табылған жағдайда жыл соңына дейін жарық көреді.
– Тұрғындарға қызмет көрсетесіздер, әдетте олар қандай өтінішпен келеді?
– Әртүрлі өтінішпен келеді. Көбіне зейнетке шығар алдында жұмыс өтілін дәлелдеу үшін көмек сұрап келеді. Бір мысал, жақында фирманы басқарған бір тұрғын келді, еңбек кітапшасында мөр дұрыс қойылмаған, енді ол бірнеше жыл сол ұйымды басқарғанын дәлелдей алмай жүр. Кейбірі құжаттарын таба алмай жатады. Бәріне көмектесуге тырысамыз. Қазір тіпті, біздің тікелей міндетіміз болмаса да, шетелде жұмыс істеп, енді елге оралып, мына жақта зейнетке шығар кезде мөрлері дұрыс болмай жылдары есептелмей жатқандарға да қолдан келгенше көмектесуге тырысамыз.
Осыдан бірер жыл бұрын алғаш рет Қазақстанның архивистерінің конгресі «Ашық қоғамға-ашық архив» өтті. Жиынға шетелдіктер де қатысты. Сол жерде ЮНЕСКО-ның өкілі бізбен кездесіп, осы тақырыпта сөз өрбітті. Сол жерде «волонтерлер болуы керек, олар келген кісілерге көмектесуі қажет» деді. Мен оған біздің жұмысымызды айтып бердім: егде жастағы адам келді, ол өзіне не керек екенін нақты білмейді, сонда жанында отырып, түсіндіріп, қажет болса тиісті мекемелерге телефон шалып, жұмысын бітіріп беруге тырысамыз.
Бірінші қабатта келушілерге арналған «Connection Point» бұрышымыз бар. Онда «е — үкімет» веб — порталына кіріп, мемлекеттік қызмет алуға кез келген мекемеге сұранымын жолдай алады. Мысалы Сізге сұрау жіберу керек, мәселен Алматы қаласының жоғары оқу орнына. Біз мемлекеттік қызмет алуға кеңес беріп, өтінішті қалай толтырған дұрыс – бәрін көрсетіп, айтып береміз. Осыны айтқанымда ЮНЕСКО өкілі таңғалды, «СҚО архивінің тәжірибесін барлық жерге тарату керек» деді. Бұл біздің күнделікті атқаратын жұмысымыз.
Бір жылда облыс бойынша 30 мыңнан астам сұраным түседі, ол тек архивтік анықтама бойынша ғана. Ал жалпы 70 мыңға жуық адамға қызмет көрсетеміз.
– Жоспар-мақсатыңызбен бөліссеңіз…
– Алға қойған мақсатым – Сәбит Мұқановтың қолжазбалары Мәскеудің архивінде сақталған. Соны алғым келеді, бұл құжаттарды 1 млн теңгеге бағалап отыр. Ресейдің архивтері ақылы қызмет көрсетеді. Жазушының 125 жылдығына орай архивімізді осы құжаттармен толықтырсақ деген ниет бар.
– Рахмет!