ПЕТРОПАВЛДА ҰШҚЫШСЫЗ ҰШАТЫН АППАРАТТАР ҚҰРАСТЫРЫЛА БАСТАДЫ
Солтүстік Қазақстан облысында ұшқышсыз ұшатын аппараттар құрастырыла бастады. Шағын ғана ұшақты түрлі салада пайдалануға болады.
Ақылды техника Петропавл ауыр машина жасау зауыты қабырғасында жиналуда. Олардың әрқайсысысының өз қызметі бар. Мәселен жер бедерінің картасын суретке түсіру кезінде бұл құрылғы жоғары дәлдікке ие. Дала және орман өртінің ошағын автоматты түрде анықтай алады. Сондай-ақ барлау жұмыстарында жүргізеді. Яғни әуеде алты сағатқа дейін қалықтайды. Ақылды техника сынақтан сәтті өтті. Әзірге өндіріс ошағында дронның төрт түрі жасалды. Болашақта оның санын 27-ге дейін жеткізу көзделген. Айта кету қажет бұл Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобасы.
«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің аспан асты еліне жасаған сапары барысында арнайы меморандум жасалған болатын. Соның негізінде әріптестік орнатып, жұмысты бастап кеттік. Қазір біз өз мамандарымызды арнайы оқуға жібереміз. 40-қа жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Ал болашақта қажетті бөлшектердің тең жартысын өзімізде жасауды жоспарлап отырмыз», — деді Петропавл ауыр машина жасау зауыты бас директорының орынбасары Тимур Нүкерей.
Бүгінгі күні Орта Азия елдерінде мұндай пилотсыз ұшу аппараттарын шығаратын кәсіпорын жоқ. Тек теріскейде жуырда қолға алынды. Демонстрацияға күштік ведомстволар мен әкімдік өкілдері арнайы шақыртылды. Оларға диверсиялық топтың жабық объектіге енуі арқылы ұшу аппараттарының тәжірибеде мүмкіндіктері көрсетілді. Пилотсыз аппараттың (дронның) міндеті, заңбұзғандарды жедел іздеу және ақпаратты командалық пунктке жедел тарату болды.
«Тапсырыс қалай түседі, өндіріс солай оң жолға қойылады. Әзірге тек тәжірибелік үлгілері ғана жасалды. Болашақта пилотсыз ұшатын аппараттың 30-ға тарта түрін жасап шығару жоспарымызда бар. Олардың негізгі міндеті фото, бейнетүсірілім жүргізу. Яғни әскерилер үшін таптырмас құрал. Ауылшаруашылығы саласында қолдануға болады. Қашықтан басқарылатын аппаратты көлік бара алмайтын жерлердегі өртті сөндіруге де пайдаланса болады. Сондай-ақ тым биік ғимаратта өрт болса, оны да сөндіруге мүмкіндігі бар », — дейді Тимур Нукерей.
Пилотсыз ұшу аппараттары бір сағатта орта есеппен 60 шақырымнан астам қашықтықты бағындыра алады. Жерден 7000 метрге дейін көтеріледі. Ал қыста тіпті 50 градус суықта да жұмыс істей береді.
Алдағы уақытта ақылды техникаға тапсырыс болса, зауыт мамандары жанар-жағармаймен ұшатын дрондарды да құрастырмақ ниетте.