СҚО-ДА МЕКТЕПТЕРДЕГІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚЫРКҮЙЕККЕ ДЕЙІН АЯҚТАЛМАУЫ МҮМКІН
Бірінші қыркүйек білім күніне аз уақыт қалды. Дегенмен Солтүстік Қазақстан облысында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан білім ошақтарында жұмыс баяу. Олар жаңа оқу жылына дейін дайын болмай қауы мүмкін. Осыған байланысты өңірде арнайы комиссия құрылды. Оның құрамындағылар 52 нысандағы шаруаларды қадағалайтын болады.
№17 ұлттық өркендеу орта мектеп – кешені өңірдегі ең үлкен білім ошақтарының бірі. Екі мыңға жуық оқушы мұнда екі аусымда білім алады. Бүгінде мұнда барлық қажетті қауіпсіздік қондырғылары орнатылды. Енді мектептің кіре берісіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал келер жылы шатыры ауыстырылады.
«Нысанның төбесін жөндеуге конкурс ұйымдастыру үшін жобалық –сметалық құжаттарды әзірлеп қойдық. Себебі көктемде қар еріген кезде және қатты жауын болғанда шатырдан су сорғалайды. Болашақта енді сол жұмыспен айналысамыз», — дейді №17 ұлттық өркендеу орта мектеп – кешенінің директоры Ләззәт Жолмұқанова,
Жаңа оқу жылына үш аптадан астам уақыт қалды. Ал облыс орталығында жөндеу жұмыстары баяу жүріп жатқан мектептер бар. Мәселен бірінші гимназияда шаруалар бірінші тамызда аяқталуы тиіс болатын. Қазір оның шатыры толығымен ауыстырылып жатыр. Алайда, учаске де небәрі төрт адам еңбек етіп жүр. Төбесі дер кезінде жөнделмегендіктен мамандар спорт залды да қалыпқа келтіре алмай отыр.
«Ғимарат 1964 жылы халық игілігіне тапсырылған. Содан бері шатыры ауыстырылмаған. Бұзған кезде төбең құстың саңғырығына толып қалғанын байқадық. Оны тазалауға екі аптадан астам уақыт кетті. Мердігер компания Қарағанды қаласынан. Жоспар бойынша шатырды ауыстыру жұмыстарына он адам тартылуы қажет. Бірақ жұмысшылар саны онға толмай жатыр» , -деді гиманзия директоры Татьяна Анцибор.
Бүгінде Шал ақын, Айыртау, Тайынша аудандарындағы мектептерде де жағдай мәз емес. Көбінде шаруалар білім күніне дейін аяқталмауы мүмкін. Оны облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Алена Мальгаева мәлемдеді.
«Петропавл қаласындағы №31 толық емес орта мектеп және Ғабит .Мүсірепов ауданындағы Ломоносов атындағы орта мектеп кестеден кешігіп жатыр. Мұндай проблемалық оқу ұялары Тайынша мен Айыртау аудандарында да бар. Донецк пен Новосветлов мектептерінде күрделі жөндеу тек қазан айында аяқталмақ. Сондай-ақ өңірде 5 орта және 17 негізгі мектепте спорт залы жоқ. Алдағы оқу жылында бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету міндеті тұрғаны белгілі. Алайда, Петропавл қаласындағы 4 толыққанды мектепте асхана қарастырылмаған. Мұндай кемшілік бірқатар ауданда да байқалады», — деді облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Алена Мальгаева мәлемдеді.
Ал жөндеу жүмыстарын жүргізіп жатқан мердігерлердің 80 проценті өзге өңірден екендігі анықталды. Жауапты сала мамандары болса, шаруаларды білім күніне дейін аяқтаймыз деп сендіріп отыр.
«Қазіргі таңда мердігерлермен нақты жұмыстар жүргізілді. Олар жұмысшылардың санын көбейтті. Қазіргі таңда кесте бойынша шарулаар жүргізіліп жатыр. Тіпті облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың тапсырмасына орай арнайы комиссия құрылды. Оның құрамында білім, мемлекеттік сіулет-құрылыс бақылау басқармасының мамандары және жергілікті әкімдіктің өкілдері бар. Олар енді әр күн сайын мониторинг жүргізіп отырады» , — дейді СҚО білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков.
Айта кету қажет биыл аймақта білім ошақтарын қалыпқа келтіруге -4,3 миллард теңгеден астам қаржы бағытталды. Ал жыл соңына дейін облыста екі мектеп пайдалануға беріледі деген жоспар бар.