Петропавлдық тәртіп сақшылары алаяқтарға алданған 14 жәбірленушіге ақшасын қайтаруға көмектесті
Петропавл полицейлері интернет-алаяқтықтың құрбаны болған 14 азаматқа қаражаттарын қайтарып алуға көмектесті, деп хабарлайды тілшіміз.
Қарағанды облысында тұратын алаяқ әйел өткен жаздан 2023 жылдың ақпан айына дейін әккі әрекетін іске асырып келген. Ол танымал сайтта төмен бағамен пәтерді жалға беру туралы хабарландыруды орналастырып отырған. 10 мың теңге көлеміндегі алдын ала төлемді алған соң клиенттердің нөмірлерін бұғаттап, байланысқа шығуды доғарған. Осылайша пысқай осындай әдіспен бірнеше өңірдің тұрғындарын алдаған.
Интернеттегі хабарландыруларда теріскейдегі пәтерлерді де ұсынған. Қылмыстық істің 14 эпизодының сегізінде Петропавл қаласындағы пәтерлер көрсетілген.
32 жастағы әйел интернеттен тауып алған басқа біреулердің жеке куәлігін пайдаланып, түрлі айла-тәсілдермен ізін жасырмақ болған. Дегенмен Петропавлдық жедел уәкілдер алаяқты әшкереледі.
«Қылмыс жасалған сәтте күдікті әйел бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеп жүрген. Сотқа дейінгі тергеу барысында алаяқ әйел жәбірленушілерге келтірген шығынды толығымен өтеді. Сот оны 3 жылға бас бостандығынан айырып, осы жазасының үстінен өтелмеген шартты мерзімінің алты айын қосты. Егер интернет кеңістігіндегі хабарландыруларда төмен бағамен тауарлар мен қызметтерді ұсынып жатса, азаматтарды сақ болуға шақырамыз. Алдын ала төлемге келіспеңіздер, бейнеқоңырау арқылы сөйлесуді талап етіңіз», – дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Еңбек Сембин.
Жыл басынан СҚО-да интернет-алаяқтықтың 400-ден астам фактісі тіркелді. Оның ішінде 150-ден астамы алдын ала төлемді талап етумен байланысты болды.