Жерлесіміз Ризабек Айтмұхан күміс жүлдені қанжығасына байлады
Иордания астанасы Амман қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен 20 жасқа дейінгі жастар арасында әлем чемпионатында жерлесіміз Ризабек Айтмұхан күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды тілші Qyzyljarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Ел құрамасынан 16 тамызда еркін күрестен Ризабек Айтмұхан (92 келі) алғашқы белдесуде қырғыз спортшысы Нұрболат Адылуулуды, одан кейін канадалық Самуэль Перейраны жеңді. Жартылай финалда грузиялық Георгий Ромелашвилиді қапы қалдырса, финалда ирандық Мохаммадмобин Голомалимиге жол берді.
Айта кетейік, Ризабек биыл Алматыда өткен еркін күрестен ҚР-ның VI жазғы Спартакиадасында топ жарған. Осыдан кейін Астанадағы ересектер арасында Азия чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізді.
Сондай-ақ, әлем чемпионатында әйелдер күресінен 50, 55, 59, 65 және 76 келіде алдын-ала белдесулер өткізді. Ел құрамасынан ақтөбелік Алина Ертөстік жұбаныш белдесуінде сынға түсетін болды. Ол 17 тамызда польшалық Даниэль Ткачупен кездеседі.
Оған қоса әйелдер күресінен өзге салмақтарда жүлделер сарапқа салынады.