ҮЙЛЕРІ СҮРІЛЕТІН ТҰРҒЫНДАРҒА ЖАҢА БАСПАНА БЕРІЛЕДІ
Петропавлда сүрілетін үйлердің иелері пәтер сатып алу үшін алдын-ала төлем ретінде берген ақшасынан айрылып қалды. Себебі қалалық әкімдік күтпеген жерден баспана сатып алу тәртібін өзгертіп жіберген.
Жас өркен ауданында тұратын 30-ға жуық адам қаражатын кімнен дауларын білмей жүр. Әрқайсысы 100 мыңнан 500 мың теңгеге дейін жоғалтты. Қыста қалалық әкімдік үйлердің сүрілетінін хабарлаған. Ал шілде айында жаңа баспана сатып алу мақсатында мемлекеттік байқау жарияланатынын айтып, тұрғындарға тезарада пәтер іздеп табу керектігін жеткізген.
«Тендер өткенімен, нәтижесі әлі жарияланған жоқ. Арамызда алдын-ала төлем ретінде 500 мың теңге бергендер де бар. Оның үстіне әр үйдің иесі мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін 90 мың теңге көлемінде баж салығын төледі. Көшеміз деп отын-көмір де сатып алған жоқпыз»,- дейді Петропавл қаласының тұрғыны Виктор Пругло.
Ал қалалық әкімдік өкілдері тұрғындар таңдаған пәтерлердің құны жылжымайтын мүлік нарығындағы бағадан әлдеқайда қымбат екенін айтады. Сондықтан, тендер уақытша тоқтатылған.
«Сатушылардың тұрғындардан алдын-алам төлем алуға құқығы жоқ. Өйткені пәтерді мемлекет сатып алады. Сондықтан ақшаны қайтарғандары дұрыс. Қазір құрылыс компанияларымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Олардан пәтерді тиміді бағамен сатып алмақпыз», -деді қала әкімінің орынбасары Әділбек Әубәкіров.