Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясында «Үздік жүргізуші» мен «Үздік БТР экипажы» анықталды
Петропавлдағы ҚР Ұлттық ұланы академиясының әскери атыс алаңында «Үздік жүргізуші» және «Үздік БТР экипажы» атағына байқау-сайыстың I кезеңі өтті.
Іс-шара аясында әскери қызметшілер АК-74 автоматынан, Макаров тапаншасынан, РПК мен ПКТ пулеметінен ату, сондай-ақ автомобильдері мен БТР-80 бронетранспортерлерін жүргізу дағдыларын көрсетті. БТР экипаждары кедергілері бар маршруттан өтті.
Байқауға келісім-шарт бойынша әскери қызметшілер, оқу орнының курсанттары мен сарбаздары қатарынан әскери жүргізушілер қатысты. Сондай-ақ, СҚО ТЖ департаментінің қызметкерлері қатысты.
Әскери жүргізушілердің қызметі мен кәсібилігін объективті қарау және жан-жақты бағалау үшін техника және қару-жарақ бөлімінің офицерлерінен, сондай-ақ техникалық қамтамасыз ету және қару-жарақ және атыс кафедраларынан арнайы комиссия құрылды, оны академия бастығының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары полковник Қайрат Токин басқарды.
Байқау-конкурс өткізу қорытындысы бойынша 90 балл жинаған автомобиль взводының аға маманы (аға жүргізушісі) ефрейтор Дусмогомбетов Тасболат үздік жүргізуші болып танылды. БТР экипаждары арасында 1 орынды оқу-жауынгерлік және оқу машиналары взводының аға маманы (аға механигі) Дархан Әлкенов жеңіп алды. Ол 92 баллмен жинады.
Сайыс соңында марапаттау рәсімі өтті, онда полковник Қайрат Токин сыннан сүрінбей өткендерге түрлі диплом мен грамота табыс етті.
«Жарыстың басты мақсаты практикалық дағдыларды арттыру және академияның үздік жүргізушісі мен үздік экипажын анықтау болды. Сондықтан конкурсқа қатысушыларға қойылатын талаптар қарапайым болған жоқ, бірақ соған қарамастан олар өз шеберліктерін тағы да көрсетті», — деді полковник Қайрат Токин.
Енді байқау жеңімпаздары ағымдағы жылдың қыркүйек айында Батыс Қазақстан облысында өтетін жалпы әскери байқауға қатысатын болады.