СҚО-да АУЫЛ МЕКТЕПТЕРІНЕ ЖАҢА АВТОБУСТАР ТАБЫСТАЛДЫ
Бірінші қыркүйек білім күні қарасаңында Солтүстік Қазақстан облысында ауыл мектептеріне жаңа автобустардың кілті табысталды. Балалардың тасымалымен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңірге 29 техника сатып алынды. Ол үшін ел қазынасынан 600 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Қоғамдық көліктер соңғы үлгіде құрастырылған. Яғни ауа баптағыш, жүргізушіні шақырту түймесі, пандус сынды құрылғылармен қамтамасыз етілген. Тіпті жылдамдығын сағатына 60 шақырымнан асырмайтын тежегішпен жабдықталған.
Қазіргі таңда облыстық білім басқармасының қарамағында 146 автобус бар. Ал оның 57-і соңғы үш жылда жаңартылған екен. Айта кету қажет өңірде екі мыңнан астам оқушы бүгінде қатынап білім алуға мәжбүр.
«Ең бастысы біз балалардың қауіпсіздігіне баса назар аударуымыз керек. Сондықтан осындай автобустар таңдалды. Қоғамдық көліктерді лизингтік қаржыландыру бағдарламасы арқылы сатып алдық. Қазақстанда құрастырылған көліктердің барлығы енді ауылдық жерлерге жіберіледі»,- деді облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков.