СҚО полицейлері ел аумағынан шығару туралы сот шешімін орындамаған шетелдік сектанттарды ұстады
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Алматылық әріптестерімен бірлесіп, Қазақстанда тыйым салынған діни-тоталитарлық сектаны ұстанушы Ресей Федерациясының екі азаматын анықтап, қолға түсірді. Полицейлер оларды ұстау шарасын Алматы қаласының аумағында жүргізді,- деп хабарлайды СҚО ПД баспасөз қызметі.
42 жастағы ер адам мен 60 жастағы әйел осыған дейін де жедел уәкілдердің назарына іліккен.
2022 жылдан бастап олар Петропавл қаласына келіп, «рухани тазаруды» уәде еткен және секталарына шақырған. Үстіміздегі жылдың басында екеуіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 489-бабының 10-бөлігі бойынша хаттама толтырылды. Сот құқық бұзушыларды 50 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұлды төлеп қана қоймай, ел аумағынан шығуға міндеттеді.
Алайда, сектаны ұстанушылар Ресейге емес, Петропавлдан Алматыға кетіп қалған. Уақыт өте келе оларды полицейлер қайтадан ұстады.
«Бірер күн бұрын Петропавл қаласының мамандандырылған әкімшілік соты оларды ҚР ӘҚБтК 490-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Заң бұзушылар Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiбере отырып, 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейді және оларға ҚР аумағына кіруге 5 жылға тыйым салынды» , — делінген хабарламада.
Секталарға қатысу адамның психофизиологиялық әлсіреуіне ғана емес, сыни тұрғыдан ойлау қабілетіне де әсер етеді. СҚО ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің заңсыз миссионерлік қызметпен байланысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша жұмысы жалғасуда.