Петропавлда ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері жеңгетайлық фактісін анықтады
Петропавлдық тәртіп сақшылары жеңгетайлық фактісін анықтады. Бұл туралы СҚО ПД баспасөз қызметі хабарлады.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлеріне Петропавлдағы сауналардың біріндегі әкімшіліктің жеңгетайлыққа қатысы бар болуы мүмкін деген жедел ақпарат келіп түсті.
Аталған факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 309-бабының 1-бөлігі «Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
«Тергеу әрекеттерінің нәтижесінде ҰҚҚКБ жедел уәкілдері саунаның 48 жастағы әкімшісінің тарапынан болған жеңгетайлық фактісін анықтады. Ол мекеме клиенттеріне интимдік қызмет көрсетуге ақшалай сыйақы үшін жеңіл жүрісті қызды шақырған. Бойжеткен алған сыйақысының бір бөлігін әкімгерге шақырғаны үшін берген. Қазіргі уақытта бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. ҚР ҚК 309-бабының санкциясына сәйкес жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау, сол сияқты пайдакүнемдiк мақсаттағы жеңгетайлық үшін мүлiкті тәркiлеу және бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», — деп хабарлады СҚО ПД ҰҚҚКБ бастығының міндетін атқарушы полиция майоры Рахат Нұрахметов.