Петропавлдық қария өз пәтерінде су көлігін құрастырған
Петропавл қаласының тұрғыны Евгений Осташко ұзындығы бес метрден асатын су көлігін жасап жатыр. Ол үшін пәтерін цехқа айналдырған. Шебер туындысын құрастыруға жиырма жылдан астам уақытын жұмсаған. Қазір шағын кеме 80 процентке дайын. Қызығы сол, қария қайығын бесінші қабаттан кранның көмегімен жерге түсіруге мәжбүр болды.
Евгений Осташко су көліктеріне бала кезінен құмар. Бұл оның өз қолымен жасаған алтыншы туындысы. Қария осыдан 23 жыл бұрын оны пәтерінде құрастыра бастады. Ал жақында оны сыртқа шығарды. Тек бесінші қабаттан кемені кранмен бөлшектеп түсіруге тура келді.
«Бөлмемнің ұзындығы бар болғаны алты метр. Ал мына қайық болса бес метр. Барлық жиhазды жертөлеге шығарып тастадым. Осылайша қолда бар материалмен құрастырдым. Жиырма жылдан астам уақыт пәтерде тұрды. Қазір бөлмем әжептәуір кеңейіп қалған секілді. Жалпы бұл қайықты жасап жатқанымды көбі білмеді»,дейді Петропавл қаласының тұрғыны Евгений Осташко.
Қазір шебердің туындысы 80 процентке дайын. Азамат оны әзір саяжайына жайғастырды. Оны журналдағы сызбаларға қарап құрастырған. Сәтін салса, көктемде құрылыс жұмыстары толық аяқталады. Қырлап-сырлап, арнайы қозғалтқыш орнатпақшы. Осылайша қария алда Есіл өзенімен алыс сапарға аттанбақ.
«Демалыс күндері табиғат аясында уақыт өткізу үшін тапсырмас көлік. Жағада шатыр құрып әуре болмайсың. Алты адамға арналған жатын орны бар. Әрі бұл кеме 1,5 метрлік толқынға қарсы жүзе алады. Болашақта сынақтан өткіземін. Сол күнді асыға күтіп жүрмін» , — дейді Петропавл қаласының тұрғыны Евгений Осташко.
Евгений Осташко бұл кемесін «Славия 2000» деп атады. Ол келер жылы су айдынына шығарылады.