Қазақстан Конституциясына – 28 жыл
Бүгін еліміздің басты құжаты – Конституцияның 28 жылдығы аталып өтілуде. Ата заң 1995 жылы 30 тамызда күшіне енген еді, деп хабарлайды тілшіміз ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Конституция – ең жоғарғы заңдық күшке ие құжат. Мемлекеттегі саяси және экономикалық реформалар, тұрақтылық пен келісім, оның халықаралық жетістіктері Конституцияда бекітілген қағидаттармен тығыз байланысты.
Елімізде Ата заң тарихы 1993 жылдан басталады. Қазіргі қолданыстағы екінші Конституция жобасы заң саласындағы ірі тұлғалардың, ғалымдар мен аузы дуалы саясаткерлердің түгел қатысуымен 1995 жылы 30 тамызда қабылданған еді.
Бас құжаттың бірінші бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені жазылған.
Сондай-ақ, Республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу.
Күні бүгінге дейін Конституция 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары реформаға түскен.
1998 жылғы реформа аясында құжаттың 19 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Президенттің, Сенат пен Мәжіліс депутаттарының мерзімі мен өкілеттіктеріне қатысты нақтылаулар болып, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын жоғарғы жас шегі алынып тасталды. Мәжіліс депутаттарын пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша партиялық тізімдер негізінде сайлау тәжірибесі де осы 1998 жылғы түзетулерден кейін қолданысқа ене бастады.
2007 жылғы реформалық өзгерістердің қорытындысы бойынша, пропорционалды сайлау жүйесінің аясы кеңейіп, соның негізінде Үкімет жасақтау ісіне партиялық фракцияларды араластырудың тетігі енгізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясы конституциялық мәртебеге ие болып, өз өкілдерін белгіленген квота санына қарай Парламент Мәжілісіне, Сенатына жібере бастады.
2011 жылғы өзгерісте Президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау мен өткізудің конституциялық негіздері қайта белгіленді.
2017 жылы Конституцияның 25 бабына 33 түзету енгізілді. «Қазақстан-2050» Стратегиясы, Бес институционалдық реформа ұғымдары осы реформадан кейін саяси айналымға шықты.
Ал 2019 жылы ҚР Конституциясына елорда атауын Астанадан Нұр-Сұлтанға өзгеруінге байланысты түзету енгізілді.
Конституцияға соңғы түзетулер 2022 жылғы 5 маусымда өткен республикалық референдум қорытындысы бойынша қабылданды. Нәтижесінде Конституцияның 33 бабына ондаған өзгеріс енгізілді. Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу; бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу; Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру; елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту және азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру үдерістеріне құқықтық негіз қалыптастыруға арналған.
Сондай-ақ, биыл 1 қаңтардан бастап Конституциялық сот өз жұмысын бастады.
Елімізде мұндай орган егемендік алған 1993-1995 жылдары жұмыс істеді. Кейіннен оның орнын Конституциялық кеңес басқан болатын. Алайда ел президентінің құқық саласына жасаған реформалары нәтижесінде аталған кеңес жойылып, Конституциялық сот қайта құрылды. Енді азаматтар Конституцияға сәйкес келмеген құқықтық-нормативтік актілер туралы қарама-қайшы пікірлер мен шешімдер бойынша Конституциялық сотқа жүгіне алады.