ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Kozybayev university қызметімен танысты
Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қозыбаев университетіне барды. Ведомство басшысы жоғары оқу ордасының профессор-оқытушылар құрамымен және студенттерімен кездесу өткізді.
Ең алдымен, Саясат Нұрбек оқу орнының жұмысымен танысып, жобалау мен жабдықталудың ең жоғары озық стандарттарына сәйкес салынған жаңа оқу-зертханалық корпусында болды. Айта кетсек, оқу корпусында жас зерттеушілердің практикалық білімін арттыруға арналған 60-тан астам жаңа зертхана бар. Олардың 20-ы инженерлік, 20-ы жаратылыстану-ғылыми және агротехнологиялық, 10-ы медициналық бағытта қызмет етеді.
Университеттің профессор-оқытушылар құрамымен және студенттерімен кездесуде министр Қазақстанда жоғары білім мен ғылымды дамытудың негізгі басымдықтары туралы айтты. Сондай-ақ, СҚУ туралы өз көзқарасымен бөлісті.
«Қозыбаев университеті – өзгерістен қорықпайтын, сапамен астасып жатқан тарихы терең, болашағы зор университет. Ол еліміздің жоғары оқу орындарының тізімінде беделді орын алады», — деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Министр университеттің жатақханаларына барып, студенттермен әңгімелесті. Айта кету керек, СҚУ-да үш жеке студенттік жатақханасы бар. Орындардың жалпы саны – 1372. Биыл барлық жатақханаларда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті жиһаздар мен тұрмыстық техника сатып алынды. Сондай-ақ, Саясат Нұрбек Қозыбаев университетінің 1200 орындық жаңа жатақхана ғимаратының құрылысымен танысты. Жатақхана өз есігін 2024 жылдың 1 қыркүйегінде ашады деп жоспарлануда.