Петропавлда ауыл әйелдерінің форумы өтті
Елімізде жыл басынан бері үш жарым мыңнан астам әйелге 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант берілді. Тағы үш мыңнан астамы, жалпы сомасы 13 миллиард теңгеден асатын жеңілдетілген несие алған. Қазір олар өз ісін дөңгелетіп отыр. Мұндай мәлімет Петропавлда өткен солтүстік өңірдегі ауыл әйелдерінің форумында айтылды.
«6 жыл болды облыс, республика деңгейінде біз осы форумды өткізіп жүрміз. Ауыл- ел бесігі болатын болса, ол бесікті кім тербетеді? Әйел тербетеді. Сондықтан осы ауылдың дамуы, ары қарай өсуі осы біздің әйелдердің қолында емес пе деген сұрақ туындайды. Сондықтан біз осы ауыл әйелдерімен жұмыс істеп келе жатырмыз»,- деді форумының ұйымдастыру комитетінің төрағасы Майра Айсина.
Үстіміздегі жылдың 9 айында Қазақстанда 83 мыңнан астам нәзік жанды тұрақты жұмысқа орналасты.
Кезекті шараға Павлодар, Ақмола, Қостанай және Солтүстік қазақстан облысының іскер әйелдері қатысты. Жиын барысында бизнес негіздері, кооперация құру және фермерлік дағдыларды дамыту жайы сөз болды. Жалпы айта кету қажет бүгінгі күні Қазақстандағы арулардың 42% ауылды жерлерде тұрады.