Көлікті мас күйінде басқарған 31 азамат жауапқа тартылды
СҚО-да көлікті масаң күйде басқарған 31 жүргізуші анықталды, деп хабарлайды тілшіміз.
Айыртау аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Niva» автокөлігін тізгіндеген 29 жастағы азаматты тоқтатты. Белгілі болғандай, темір тұлпарды көлік жүргізушісі масаң күйде басқарған. Мұны медициналық куәландыру нәтижесі де көрсетті.
Жүргізуші есірткілік масаң күйде көлік тізгініне отырған. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша материал жиналды. Баптың санкциясы 15 тәулікке қамаққа алуды және көлік басқару құқығынан 7 жылға айыруды көздейді.
«Аталған факті “Мас жүргізуші” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталды. Іс-шара биыл жетінші рет өткізіліп отыр. 8 айда 15 жол-көлік оқиғасы орын алды, 4 адам көз жұмып, 23 адам жарақаттар алды. Осындай фактілердің жолын кесу – патрульдік полицияның жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі», – деді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
6 күннің ішінде облыс жолдарында 2 мыңнан астам түрлі бұзушылықтар анықталды. Олардың арасында апаттылыққа тікелей әсер ететін өрескел бұзушылықтар да бар. Жүргізушілердің көлікті масаң күйде басқаруының 31 фактісі анықталды. 209 жүргізуші жылдамдықты арттырып, 169 жүргізуші көлік басқарып келе жатып ұялы телефонды пайдаланған, 285 жүргізуші қауіпсіздік белдігін пайдаланбаған.