Өңірде көмірдің бір тоннасы 20 мың теңгеден сатылып жатыр
Солтүстікқазақстандықтардың тек 37 %-ы көмір дайындап үлгерді. Ол 157 мың тоннаны құрайды.
Бүгінгі таңда облыс аумағында көмірді дайындау және сатуға арналған 32 пункте 33 мың тонна көмір бар. Отын бағасы маркасы мен жеткізу қашықтығына байланысты тоннасына 12 500 -20 000 теңге арасында. Мәселен, Екібастұздың көмірі тоннасына 12 500 теңгеден 14 000 теңгеге дейін, Шұбаркөл 16 600 теңгеден 19 000 теңгеге дейін. Қаражараның отыны 15 500 теңгеден 20 000 теңгеге дейін жетеді. Майкүбі көмірі 15 000 теңгеден 18 теңгеге дейін барады.
Көмірді жоспарлы түрде жеткізу үшін облыс әкімдігі «Жүк тасымалы» АҚ-мен бірлесіп күнделікті негізде вагондардың жүру маршрутына бақылау жүргізеді. Сонымен қатар, көмірді тиеп-жөнелту көлемін, құрамның жөнелту және болу уақытын нақтылай отырып, мониторинг пен бақылау жүргізеді. Бағаның көтерілуі анықталған жағдайда облыс әкімдігі бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі уәкілетті органның атына сұрау салады.
Орташа есеппен өңір тұрғындарына 419 мың тонна көмір қажет. Әзірге халық 157 мың тоннасын алып үлгерді. Ал бюджеттік мекемелер 136 мың тонна көмір немесе 96% дайындады. Бұдан басқа, көмірді өткізу операторлары 228 мың тоннаны жөнелтуге шарт жасасты.
Операторлар жүк көлігі үшін жабдықталған кіреберістері мен тұрақтары бар көмірді сататын орынарын жөндеген. Сондай-ақ аккредиттелген кәсіпорындар салмақтық тексерулер жүргізді.