«Шахмат керуені» республикалық жобасы солтүстікке келді
Шахматты насихаттауға араналған «Шахмат керуені» республикалық жобасы Солтүстік Қазақстан облысына жетті. Жобаның басты мақсаты– еліміздің барлық өңірінде интеллектуалдық спорт түрін дамыту, деп хабарлайды тілшіміз.
Осыған байланысты қалалық әкімдіктің алдындағы орталық алаңда салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов, Шахмат Федерациясының өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты. Көркемөнерпаздар жиналған қауымға әннен шашу шашып, өз өнерлерін паш етті. Бұдан соң, өңір басшысының орынбасары өз құттықтауын жеткізіп, жоба мүшелеріне ризашылығын білдірді.
«Бүгін біз Көкшетау қаласынан басталған аса маңызды эстафетаны қабылдап жатырмыз. Шахмат — өңірде жақсы танылып келе жатқан спорт түрі. Бүгінде біздің облыста онымен бес мыңға жуық адам айналысады. Оның үш жарым мыңы ауылды жерде тұрады. Әрі 60% жастар. Сондықтан олардың осы спорт түрімен шұғылдануына жағдай жасауымыз керек»,- деді облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов.
Керуеннің идеясына саудамен қатар түрлі халықтардың мәдени және спорттық мұрасын таратқан Ұлы Жібек жолы түрткі болды дейді ұйымдастырушылар.
Ал өңірлік шахмат федерациясының тізгіні облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрмановқа тапсырылды. Орталық алаңда киіз үй тігіліп, жылдам шахматтан турнир ұйымдастырылды. 20 ойыншы бағы мен бабын сынға салды. Сайысқа қатысушылардың ең жасы – Ерлан Жақсыбаев. Жасөспірім намысты қолдан бермеуге тырысып бақты.
«Кішкентай кезімнен бастап мен әкеммен бірге ойнағанмын. Қазір менде 2-ші разряд. «Умка» клубына барамын»,- дейді Ерлан Жақсыбаев.
Үш жеңімпаз 10 қараша күні Түркістан қаласында өтетін кездесуде облыс намысын қорғайды. Солардың бірі -Александр Вьюниченко. Бас жүлдеге 5 миллион теңгенің сыйлығы тігіліп отыр.
«Шахмат керуенінің» келуі – Петропавл қаласы үшін үлкен жаңалық болды. Бұған дейін спорттың бұл түріне айтарлықтай жағдай жасалған жоқ деп ойлаймын. «Фридом финанстың» қолдауы зор екені сезіліп тұр. Енді Түркістанда кіл мықтылар кездеседі. Намысты қолдан бермеуге тырысамыз»,- деді Александр Вьюниченко.
Бұдан кейін Керуен Қостанай, Қарағанды қалаларына аттанады. 30 адамнан құралған топ бір айда 14 мың шақырымды еңсермек.
«Соңғы жылдары біз елімізде шахматтан үш мәрте әлем чемпионатын ұйымдастырдық. Тамыз айында оқушылар арасындағы алғашқы әлем чемпионаты да Ақтау қаласында өтті. Қазір спорттық бұл түріне қызығушылық артты. Байрақты додаларда қыздарымыз жақсы нітиже көрсетіп жүр. Сондықтан, өңірлерге де баса мән беріп отырмыз», — деді ҚР шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенко.
«Шахмат керуені» 10 қарашаға дейін жалғасады. Жоба мүшелері барлық облыстарға ат басын бұруды жоспарлап отыр.