СҚО-да 5 мың тұрғын салық төлемей жүр
Облыста 5 мыңға жуық солтүстікқазақстандық салық төлемей, жалтарып жүр. Олардың мемлекет алдындағы берешегі 10 миллион теңгеге жетіп қалған деп хабайралайды тілшіміз.
СҚО мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, салық салу нысандарына тұрғын үйлер, ғимараттар, саяжай құрылыстары, көлікжайлар мен Қазақстан азаматына тиесілі өзге де құрылыстар, жер учаскелері кіреді.
«Шілде айынан бастап өңір тұрғындарына қандай мөлшерде, не үшін салық төлейтіндері жөнінде хабарламалар жіберіліп жатыр. Сондай-ақ бұл мәліметтер «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасында да көрсетілген. Азаматтар хабарлама келген күннен 30 күн ішінде мүлік салығын өтеулері тиіс. Егер қарыздары 1 АЕК-тен асатын болса, салық органы салық бұйрығын шығарады. Оны орындау үшін сот орындаушысына жібереді. Тұрғындарды мүлік салығын қазанның 1-не дейін төлеуі қажет», делінген СҚО мемлекеттік кірістер департаменті таратқан хабарламада.
Сот орындаушысы алдымен берешегі бар салық төлеушіге қатысты шара қолданады. Яғни қарыз үстіне өсімпұл қосылуы немесе шоттар бұғатталуы мүмкін. Бұдан бөлек департамент мамандары декларацияны электронды түрде тапсыру мерзімі 15 қыркүйекте аяқталатынын еске салады.