Солтүстік Қазақстан облысында Пёстрое көлінде қалып қойған демалушылар құтқарылды
Петропавл қаласында орналасқан Пёстрое көлінде қалып қойған 4 демалушы құтқарылды, деп хабарлайды тілшіміз ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқыс оқиға кеше, 17 қыркүйек күні болған. 1983 жылы туған ер адам қайық сатып алып, оны демалыс орнына алып келген. Осылайша, ол жүзу құралын Пёстрое көлінде сынақтан өткізбекші болады.
Осылайша қайыққа ол өзімен бірге 2008 жылы туған қызын және оның 2 танысын, 2007 жылы туған қыз бен жігітті отырғызады. Алғашында бәрі жақсы болғанмен кенет желдің екпіні күшейіп, жүзу құралын қамыстың арасына апарып тастайды. Биік өскен қамыс резеңке қайықтың бүйірін тесіп жіберуі де мүмкін еді. Желдің де екпіні басылмаған.
Барлық демалушының арнайы құтқару кеудешесін киюі жағдайды ушықтармауға септігін тигізді.
Су қоймасында қалып қойғандарды Жедел-құтқару жасағының бас құтқарушылары Ерболат Нағыманов пен Думан Жиенмұрзин құтқарды.
«Біз 5 минутта оқиға орнына жеттік. Адамдарды қорықпауға шақырып, тыныштандырдық. Артынша балалардың бірін өзіміздің қайыққа отырғыздық. Тросты мықтап байлап, демалушылар отырған қайықты аман-есен жағаға жеткіздік», — деді Ерболат Нағыманов.
Ол құтқарылғандарға судағы қауіпсіздік ережесін түсіндіргенін, профилактикалық әңгіме жүргізгенін атап өтті. Өз кезегінже демалушылар құтқарушыларға ризашылығын білдірді.