СҚО-да жыл басынан бері интернет-алаяқтықтың 442 фактісі тіркелді
СҚО-да танымал әлеуметтік желі арқылы жасалған интернет-алаяқтықтың 90 дерегі тіркелді, деп хабарлайды тілшіміз.
Жыл басынан бері облыс полицейлері сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде интернет-алаяқтықтың 442 фактісін тіркеді. Күдіктілерді анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде, бұдан бөлек бірқатар тергеу әрекеттері қолға алынған. Тіркелген фактілердің басым бөлігі: 156 факті – жалған банк қызметкерінің қоңырау шалуы әдісі бойынша, 90-ы – Instagram желісі арқылы; TikTok арқылы – 2, Одноклассники арқылы – 5 және Telegram мессенджерін қолдана отырып 9 факті болған. Сондай-ақ 48 интернет-алаяқтық OLX тегін хабарландырулар сайты арқылы, тағы 14 факті – Kolesa.kz пен krisha.kz сайттары арқылы жасалған. 3 фактіні қаскөйлер InDrive мобильдік қосымшасы арқылы іске асырған.
«Интернет-алаяқтыұты алдын алу жұмыстары қалалықтардың ғана емес, облыстың барлық аудандарының тұрғындарының арасында өткізіледі. Жадынамалар таратылып, әр адаммен жеке әңгімелесу жүргізіледі. Тәжірибе көрсеткендей, өңірдегі әр екінші зейнеткерге бейтаныс адамдар хабарласып, алаяқтықтың белгілері бар ұсыныстарын айтқан. Полицейлердің айтуынша, жеке басқа қатысты деректерді ешқашан ешкімге бермеген жөн. Алаяқтар қоңырау шалған жағдайда бірден тұтқаны қойып, өз банкіңіздің call-орталығына және полицияға хабарласу қажет», – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мадияр Харипов.