СҚО -да заңсыз сібір елігін атып алған күдікті мылтығын әкесінің үйіне жасырған
Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны заңсыз аң атып, жасаған қылмысын жасыру үшін мылтығын әкесінің үйіне жасырған, деп хабарлайды тілшіміз.
Жуырда Ғабит .Мүсірепов атындағы ауданда орналасқан Рузаев аңшылық шаруашылығының қорықшысы төңіректі тексеріп жүріп сібір елігінің мүшеленген етін байқап қалған. Ол бұл туралы аудандық полицияның кезекші бөліміне хабарлады. Тәртіп сақшылары күдіктіні сол күні анықтады. Ол 34 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Оның жауабын тексере келе әкесінің үйінен 16 калибрлі «ИЖ-18» мылтығы мен жануардың еті табылып, тәркіленді. Пысықай дәл осы мылтықпен жануарды атып алған.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы «Заңсыз аңшылық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Жануардың етімен күдіктіге тиесілі мылтық пен «Урал» мотоциклі тәркіленіп алынды. Қажетті сараптамалар тағайындалды.
«Бұл баптың санкциясына сәйкес 3 мың айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл салудан 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген. Сондай-ақ күдіктінің өзі айтқандай, орман ішінен тауып алған мылтықты сақтағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Қаруды тауып алған жағдайда бірден полицияға хабарлау қажет екенін ескертеміз. Қаруды заңсыз сақтау үшін көзделген қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен оны ерікті түрде тапсыру ғана босатады», , — деді аудандық ПБ бастығы полиция полковнигі Марат Әлжанов.
Табиғатты қорғау полициясы қызметкерлерінің ақпаратына сәйкес, жыл басынан бері СҚО-да заңсыз аңшылықтың 10 фактісі тіркелді.