Қызын терезеден лақтырмақ болған азамат 120 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды
Петропавлда әйелімен жанжалдасқан соң бір жасар қызын терезеден лақтырмақ болған ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Енді ол 120 сағат қоғамдық жұмысқа жегіледі, деп хабарлайды тілшіміз ҚазАқпарат сайтына сілетем жасап.
Петропавл қалалық сотының мәліметінше, қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 115-бабы «Қорқыту» бойынша қаралды.
Оқиға 20 қыркүйек күні сағат 17.00 шамасында болды. Ш. есімді сотталған мас күйінде бесінші қабаттағы пәтерінің терезесінен жаңа туған нәрестені лақтыратындығын айтып қорқытқан. Оған бірге тұратын әйелмен жанжалдасуы себеп болған.
Оқиға орнына полиция, құтқарушылар жетіп, нәрестені терезеден лақытармын деп қорқытқан Ш. қолға түсті.
Прокурор айыптаушы жақты қолдап, Ш.-ны 120 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын беруді сұрады.
Сотталушы кінәсін мойындап, істеген ісіне өкініш білдірді. Сот мұны есепке алғанымен, қылмыстық теріс қылықты мас күйде жасағандығын айыпты ауырлататын жағдай деп есептеді.
Петропавл қалалық соты Ш.-ға ҚР ҚК 115-бабының санкциясы бойынша ең жоғарғы жазаны берді. Ер адам 120 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады. Сондай-ақ одан зардап шеккендер қорына 5 АЕК мөлшерінде өндіріліп алынды.