СҚО-ға 231 мұғалім жетіспейді
Солтүстік Қазақстан облысына 231 мұғалім жетіспейді. Өңірде әсіресе математика, информатика, орыс тілі мен әдебиеті мамандарына деген сұраныс жоғары. Мәселе әсіресе шалғай ауылдарда өткір тұр, деп хабарлайды тілшіміз.
Облыс орталығынан 200 шақырымнан астам жерде орналасқан Ольгинка ауылындағы мектеп биыл үш маманмен толықты. Дегенменде әлі екі мұғалім жетіспейді. Сондықтан сұранысқа ие ұстаздар көрші елді мекендерден қатынап келіп, балаларға сабақ береді. Білім ұясының директоры Әлібек Зәбеновтың айтуынша, қазір қолына дипломын алған жас мамандардың көбі ауылға барғысы жоқ. Сондықтан, осындай мәселе туындап отыр.
«Бізде шағын жинақталған мектеп. Қазір бізде ән-күй аптасына тек бір-ақ сағат. Ал бір сағатқа бола ешкім келгісі келмейді. Сондықтан ол мәселені көрші ауылдардың мектептерімен келісіп, сабақ беріп жатырмыз. Олар сабақ кестесіне қарай безге келіп, ән –күйден бір сағат сабақ береді. Ал информатика пәнінің мұғалімі аптасына бес сағатұа келіп кетеді», — дейді Ольгинка негізгі мектебінің директоры Әлібек Зәбенов.
Сала мамандарының сөзінше қажеттіліктің көбі осындай шалғайдағы шағын жинақты мектептерде көптеп кездеседі. Өйткені оқушы саны аз, сәйкесінше ұстаздардың сағаты да кем болады. Бүгінде өңірде 231 маманның орны бос тұр. Әсіресе информатика, орыс тілі, физика сынды пәндердің мұғалімдеріне сұраныс жоғары. Мәселе барлық ауданда бар.
«Қазір біз еліміздің бірнеше жоғары оқу ордасы меморандум жасадық. Осының арқасында болашақта бос орындарды жабамыз деген ойдамыз. Мұнымен қоса бағыттары біріңғай пәндердің мұғалімдерін қайта даярлаудан өткізіп жатырмыз. Зейнет жасындағы ұстаздарды да жұмысқа шақырдық. Оның үстіне дипломмен ауылға бағдарламасы тағы бар. Яғни елді мекендерге барамын деген жандарға бірқатар жеңілдіктер қарастырылған», — дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлшәт Шәймерденова.
Биыл өңірдегі университетпен колледжді педагогика мамандығы бойынша мыңға жуық түлек тәмамдаған. Оның тек 371 –і қазір мектепте шәкірт тәрбиелеп жатыр. Ал қалғандары, басқа саланы таңдаған.